Қызылордада биыл 16 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған
Бүгін ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Қызылорда облыстық орталығының ұйымдастыруымен өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен «АИТВ/ЖИТС-тің өзекті мәселелері» тақырыбында баспасөз-мәслихаты болып өтті. Жиынға ЖИТС орталығының бас дәрігері Тәңірберген Амитов, орталықтың эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Салтанат Балықбаева және емдік-көмек бөлімінің меңгерушісі Шолпан Өтегенова қатысты.
Баспасөз-мәслихаты барысында орталықтың бас дәрігері Тәңірберген Амитов биыл ЮНЭЙДС-тің баяндамасы бойынша Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы 30-шы рет 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығында «АИТВ статусыңды біл!» ұранымен жарияланып отырғанын айтып өтті.
Бүгінгі күні республика бойынша АИТВ жұқтырып тіркелгендер саны 32548 адамды құрап отыр. Жұқтырғандардың 68% жыныстық қатынас арқылы, 28% иньекциялық есірткі тұтыну барысында жұқтырғандары анықталып отыр. Олардың 62% ерлер, 38% әйелдер құрап отыр. Жас ерекшеліктері бойынша 20-29 жас аралығындағылар 19%, 30-39 жас аралығындағылар 41%, 40-49 жастағылар 25 %.
Қызылорда облысында АИТВ/ЖИТС оқиғасы анықталған сәттен бері 139 адам тіркеліп отыр. Жұғу жолдары бойынша 66% жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар құраса, 24% инъекциялық есірткі тұтынушылар құрап отыр. Әлеуметтік жағдайы бойынша 53 % жұмыссыздар, 26% жұмыс істейтіндер құрап отыр.
Үстіміздегі жылдың 10 айында 16 адамнан (2017ж -19 адам) АИТВ инфекциясы анықталды. Анықталған АИТВ жұқтырғандарды талдайтын болсақ олардың 8-і, яғни 50 пайызы ер адам, қалған 8-і әйелдер болып отыр. 94% жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Жас ерекшеліктері бойынша 37,5% 20-29 жас аралығындағылар, қалған 62,5%-ы 30-59 жас аралығындағылар болып отыр. Әлеуметтік статусы бойынша 43,7% жұмыссыздар, 50% жұмыс жасайтындар, 6,3% зейнеткер. Анықталғандардың 62,5% қала, 37,5% ауыл тұрғындары.