Полиция департаментінде ұрлықтың алдын алу бағытында кездесу өтті
Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде күзет қызметінің барлық түрімен айналысатын жеке күзет ұйымдары басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және департамент басшылығының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілерінде орын алған ұрлықтар және басқа да қылмыстар жайлы департаменттің Криминалдық полиция басқармасы бөлім бастығы полиция подполковнигі Асқар Ізбасаров баяндама жасаса, облыс көлемінде мүліктік қылмыстарының, оның ішінде пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында нысандарды күзетке алу, бейнебақылау камераларын орнатуда жүргізіліп отырған үгіт-насихат жұмыстарының барысы» жайлы департаменттің күзет қызметін бақылау бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Салтанат Жусупова айтып өтті.
Қазақстан Республикасының «Күзет қызметі туралы» Заңында күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлер мемлекеттiк органдарға заңдармен жүктелген мiндеттердi орындауда осы мемлекеттiк органдарға жәрдемдесуге мiндеттi деп көрсеткен. Сондай-ақ, нысандардың қазіргі жаңа заманауи қауіпсіздік қондырғылармен, бейне бақылау камераларымен және жеке күзет ұйымдарының күзетімен толық қамтамасыз етілмеуі басты күрделі мәселелер болып табылады.
Күн тәртібіндегі аталған мәселе бойынша қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алуға полиция қызметкерлерінің жеке күзет ұйымдарымен бірлесіп, іс-шаралар өткізу жайлы мәселелер талқыланып, бірқатар тиімді шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар, жиын барысында бірқатар күзет ұйымдарын өз қызметтік міндеттерін адал орындап, күзетке алған объектілерде құқық бұзушылық пен қылмысқа жол бермегені үшін марапатталды.
Заңды тұлғалардың жеке адамдардың өмiрiн, денсаулығы мен мүлкін, сондай-ақ заңды тұлғалардың мүлкін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін және күзет ұйымдарының қызметкерлері күнін мерекелеуге байланысты ҚР ІІМ-нің «Грамотасымен» «Сирена КZ» ЖШС-і марапатталса, Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Алғыс хатымен» «Руслан-Казақстан», «МК Секьюрити КZ», «Kulan Security», «Кызылорда-Рахат», «Нур-Али секъюрити», «Шер-Улан», «Сырдария-Күзет», «ТС Секьюрити», «Батыл» Күзет агенттігі» марапатталды.