Жоба аяқталғанда 1267 адам жер учаскесімен қамтамасыз етіледі
Қазіргі таңда Қызылорда қаласының шекарасы кеңейіп, халық саны артып келеді. Осыған орай, қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілген болатын. Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы - 14 тұрғын ауданға бөлінді.
Облыс орталығының аумағы бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 мың 582 гектарға ұлғайтылған.
Осыдан 2 жыл бұрын «Бәйтерек» тұрғын ауданынындағы инженерлік желілерімен толықтай қамтамасыз етілген 980 гектар аумақтан, кезекте тұрған 6 мың 600 азаматқа жер учаскесі табысталған болатын. Жылдар бойы жер кезегінде тұрып, өзіне тиесілі жерін алуға асыққандар әлі де аз емес. Кезек реті жылжыған сайын, кейінгілердің «мойын созып қарап» өз кезегін күтіп жүргені белгілі. Осыған орай «Бәйтерек» мөлтек ауданынан бүгінде қосымша 150 гектар жер телімдері әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды. Жоба толық аяқталған уақытта 1267 азамат тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерімен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар алдағы уақытта 670 гектар аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, келісілген жоба бойынша жер кезегіндегі 4 мың азаматты жер телімдерімен қамтамассыз ету жоспарланған. Мұнан бөлек, осы аумақтан қосымша 2 мың гектар жер телімін ашу көзделіп отыр. Бұл жер телімдері арқылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 22 мың азаматқа жер учаскелерін табыстауға болады.
Бас жоспардағы өзгерістердің ең маңыздысы, қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді. Бұған дейін, білетініміздей, осы елді мекен тұрғындарының жол, ауыз су және жарық туралы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмады.
Жаңа өзгерістерге байланысты, ендігі кезекте аталған саяжайлар қала құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туып отыр.