Геоақпараттық онлайн-қызмет жобасы республика бойынша үздік деп танылды
Кәсіпкерлерге онлайн-режимде техникалық шарттарды алуға және коммуналдық қызметтерді қосуға мүмкіндік беретін цифрлық жоба үздік деп танылды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев партияның есеп беру-сайлау конференциясында хабарлады.
Қызылордада "Нұр Отан" партиясының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің екі жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлары анықталды.
Отырысты ашқан Қызылорда облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудағы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы жетекші партияның рөлін айтып өтті.
"Нұр Отан" партиясы мыңдаған қазақстандықтарға көмек көрсетіп, Мемлекет басшысының нақты жобалары мен бастамаларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде осы мақсатта партияның Орталық аппараты партия қызметін жаңғыртып цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған 20-дан астам әлеуметтік, стратегиялық, бастамашыл жобаларды қолға алды. Бұл бағытта біздің облыстағы цифрландыру аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды беру бойынша геоақпараттық онлайн сервис (geoservice.geoportal.kz) жұмысы республика бойынша үлгілі жоба ретінде атап өтіліп, Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасына таныстырылды»,-деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Облыстық филиалдың атқарған жұмыстары туралы партияның бастауыш ұйымдарының мүшелері баяндады. Еңбек Ері, «Құрметті теміржолшы», партия ардагері Оразбай Әбішевтің айтуынша, "нұротандықтардың" қолдауымен үйінен өрт шығып далада қалған Сырдария ауданынан Абдраевтар отбасындағы - 7 адамға, Сералиевтер мен Кәриевтер отбасына көмек көрсетіліп, жаңа баспана табысталған. Ал 2-топ мүгедегі Мұса Бегалиевтің отбасына жеңіл автокөлік берілген.
Қармақшы аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Тұрмағанбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
"Суармалы су тапшылығының алдын алу мақсатында шаруашылығымызға құрғақшылыққа төзімді перспективалы дақылдарды енгіземіз. Осыған орай, Алматы қаласы орталығындағы «КосАгроКоммерц» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зертханасы орталығына барып, өз жеріміздің топырағын зерттеуден өткізіп, бізге де соя дақылын егуге болатынына көз жеткіздік. Сондықтан алдағы жылы өз егіс алқабымызға 300 гектар соя дақылын егуді жоспарлап отырмыз»,-деді Н.Пірмантаев.
Саяси кеңес құрамына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, «Байқоңыр» аумақтық партия филиалының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімдері Мұрат Ергешбаев пен Әшім Оразбекұлы, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Кақар Даташев және облыстық партия филиалының «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес қосылды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 48715 партия мүшесі, 272 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.