Білім туралы құжаттарды апостильдеу үшін өтініштер тіркелуде
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаев мәлімдеді.
Бүгінде білім туралы құжаттарды (түпнұсқа) апостильдеу көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін алуға 141 өтініш тіркеліп, оның 138 өтініші қанағаттандырылды. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері департаменттің веб-порталы арқылы жүзеге асырылуда.
"Апостиль дегеніміз – құжаттарға (диплом, куәлік, аттестат, табель, анықтама, сертификат) қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ, осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба болып табылады.
"Шетелдiк ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудiң күшiн жоятын конвенция (Гаага, 1961 ж. 5 қазан) ережелерiн iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" Үкiмет қаулысымен апостиль қою мемлекеттiк органдарға бекітіліп, функциялары уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына жүктелген. Бұл қызметті Қызылорда облысының білім саласындағы бақылау департаментімен 2017 жылдың 17 шілдесінен бастап көрсетіліп келеді", - деді Е.Қарабалаев.
Қызмет түрін алуға өтініштерді қабылдау "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" және "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.