ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ТҮЛЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫ 2 ЕСЕГЕ АРТТЫ
Жыл сайын аймақта көпбалалы отбасылардан шыққан талапты ауыл жастары үшін әкімнің білім беру гранттары бөлініп келеді. Биыл білім гранттарының саны 200-ге жетіп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сыр өңірінде кәсіптік мамандықтарға 500 грант
бөлінді.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғанын атап өтті.
«Жастар арасында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды шешу, табысты, бәсекеге қабілетті және ұлтжанды жас қазақстандықтарды қалыптастыру - аға буынның міндеті. Осы мақсатта Қызылорда облысының мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол Картасы бекітіліп, онда жұмысқа орналасу, тұрғынүй, білім алу, бос уақытын тиімді өткізу т.б жастардың өзекті мәселелері қарастырылған. Жыл сайын 100 дарынды да талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастар еліміздің белді жоғарғы оқу орындарында облыс әкімінің грантымен білім алуда. Биыл біз мұндай гранттардың санын екі есеге өсіріп, 200-ге жеткіздік»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша аймақтағы 20 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында жастар 16 кәсіби емес мамандық бойынша білім алуда.
«2018-2019 жаңа оқу жылына 500 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Елдімекендерден шалғай орналасқан білім беру ұйымдарына барып-қайтуы үшін материалдық көмек те қарастырылған. Нәтижелі жұмыс істеп, колледж бітірушілерін жұмыспен қамту көрсеткішін жоғарылату, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен оқытушылардың сапалық деңгейін арттыру, өңірде жұмысшы мамандарды даярлау бойынша белсенді жұмыс жасауымыз қажет»,-деп атап өтті облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, қалғандары облыстың ірі кәсіпорындарына - «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Айта кетейік, келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.
Жалпы, жастармен барлық бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде. Айта кету керек, Қызылорда облысы республикада алғашқылардың бірі болып «NEET категориясындағы жастармен жұмыс жасаудың кезеңдік жоспары» мен «2021 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатын дамытудың жол картасын» қабылдады. Аталмыш құжаттар шеңберінде қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жобалар жүзеге асырылуда.
Өткен жылдан бастап Қызылордалық жастар ресурстық орталығы еуропалық жұмыс үлгісіне көшті. Оның шеңберінде орталықта жастарға қажетті барлық қызмет түрлері: коворкинг орталығы, жаттығу залы, тіл үйрету курстары, интернет қызметтері, заңгерлердің, дәрігерлер мен басқа да мамандардың кеңес беруі, кинозал және т.б.қызметтер ұсынылады. Келесі жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа жастар ресурстық орталығы пайдалануға беріледі.
Қазіргі таңда аймақтағы халықтың 24%-ы - жастар, олардың ішінде 190 мыңнан астамы 14-29 жас аралығында, ал экономикалық тұрғыдан белсенділері - 110 мыңнан астам. Айта кетейік, аймақ тұрғындарының жалпы саны 700 мыңнан астам адамды құрайды.
Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов аймақтағы жастарды қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысы жайлы баяндады.
«Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «ZhasProject» жобасының аясында Қызылорда облысында 266 жоба қолдау тауып, 900-ге жуық жастар жұмысқа орналасты», - деді Қуаныш Жанұзақов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы жастарға қолдау көрсету бойынша мектептерде кәсіптік бағдар беру кабинеттерін ашу, кеңес беруді қамтамасыз ету үшін жастар мәслихатын қосу, жас аналарды қолдау және тұрғын үй мәселелерін шешу және т.б. бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Мәжілісте облыстық білім басқармасының бастығы Майра Мелдебекова және қала мен аудан әкімдері сөз сөйледі.
«Келесі жылы жастар мәселесіне арналғаны өте маңызды, қоғамның бұл категориясы барынша қолдау және ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай, «Жастар жылын» атап өтуге мамандар толық, барынша сай болуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп, барлық жауапты тұлғалар маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға қатысуы тиіс», - деді аймақ басшысы.
Мәжілісті қорытындылай келе, облыс әкімі Қ.Көшербаев білімге, дағдыға, тәжірибеге байланысты адам капиталын дамытудың қоғам болашағы үшін маңыздылығын, «Болашақ жастарға тікелей байланысты» екенін атап өтті.