БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА БАЙЫПТЫ БАСТАМА
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Онда Елбасы тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты іске асып келе жатқанын және тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғанын айтып, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, Елбасы мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыратынын айтты.
Елді қуантқан тағы бір жаңалық – ол халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажеттігі. Бұл бағыттағы шаралар қолға алынса, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік туары сөзсіз.
Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда үй алу кезегінде тұрған азаматтар көп. Олардың барлығын сапалы әрі ыңғайлы баспанамен қамту үшін мемлекет бар мүмкіндікті пайдаланып келеді. Биылғы Жолдау осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге, құрылыс сапасын арттыруға жол ашары сөзсіз.
"Үйі жоқтың – күйі жоқ" дейді дана халқымыз. Жолдауда айтылғандай бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді. Енді, баспанаға мұқтаж жандар жаңа қонысқа қол жеткізетін күн де алыс емес.
Ерлан Аппазов,
Ақсу ауылының тұрғыны.