МЕКТЕПТЕРДЕГІ СПОРТ АЛАҢДАРЫНЫҢ САПАСЫ ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА
Мемлекет басшысы Жолдауда жергілікті атқарушы органдарға денешынықтырудың көпшілікке қолжетімділігін арттырып, мектептердегі спорт құрал-жабдықтарын тиімді пайдаланып, аулалар, саябақтар, скверлерді спортпен шұғылдануға ыңғайлы етіп қайта жабдықтауды тапсырды.
Бұл бағытта Нұротандықтар «Мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу» партиялық жобасы аясында мектептерге арнайы бақылау жүргізуде. Бүгін Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы партиялық топ Жосалы кенті мектептеріне жасалған тексеріс нәтижесін талқылады.
Жалпы ауданда 19 білім ошағы бар. Олардың 7-уі кент орталығында болса, қалған 12 мектеп ауылдық елді мекендерде.
Жобаны жүзеге асыру аясында нұротандықтар ауданға қарасты 10 мектепте болып, спорттық алаңдарының талапқа сәйкестігіне бақылау жүргізген. Нәтиже жаман емес,- деді мониторинг қорытыдындысымен таныстырған комиссия мүшесі, аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Алтай Үсенов.
- Біз Жосалы кентіндегі 7 және елді мекендердегі 3 яғни, барлығы 10 мектепке бақылау жүргіздік. Олардың 5-і арнайы спорт алаңдарымен қамтылса, 3 мектепте мүлдем жоқ және 2 мектептің спорттық алаңы жөндеуді қажет етеді. Жоғарыда аталған 5 мектептің спорттық алаңдарының 3-уі футболға арналған қалған екеуі де толық стандартқа сай. Бұл алаңдар тек оқушыларға ғана емес, жақын маңайдағы тұрғындар үшін де футбол, волейбол, баскетбол ойнап және басқа да спорт түрлерімен айналысуына ыңғайлы етілген. Қазір жөндеуді қажет ететін спорттық алаңдары бар мектеп директорларына тиісті тапсырмалар берілді. Өзіміз де демеушілер іздестіріп, көмек көрсетуге жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта арнайы бекітілген жоспарға сәйкес қалған мектептерді де аралап, тиісті органдармен нәтижеге жұмыс жасайтын боламыз.
Жиынды аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов жүргізді. Ол жоба маңыздылығы мен Жолдау міндеттерінің тиянақты орындалуын партия үнемі бақылауда ұстайытынын айтты.
- «Нұр Отан» партиясы «Мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу» жобасын қолға алды. Бұл өте өзекті мәселе. Себебі спорт денсаулық кепілі десек, балаларымыздың дені сау ұрпақ болып қалыптасуы үшін алдымен мектептердегі спорт алаңдарының талапқа сәйкестігі бізді алаңдатады. Және бұл инфрақұрылымды балалар ғана емес, ересектер де тиімді пайдалануы тиіс. Бұл жерде біртіндеп «Денсаулық сабақтары» атты тағы бір партиялық жоба енгізілетінін де атап өткен жөн. Бастауыш сынып үшін тәрбие сағаттары, тренингтер, саламатты өмір салтын насихаттайтын сыныптан тыс сабақтар да жүргізуге тиімді болу қажет. Сондықтан біздер жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінің аясында жүзеге асыруға жұмыла жұмыс жасап, партиялық бақылауда ұстауға тиіспіз,- деді Дастан Буханов.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысындағы 293 мектепте 682 спорт алаңы бар, оның 91-і футболға арналған алаң. 78-і жөндеуді талап етеді.