ЦИФРЛАНДЫРУ – МЕДИЦИНА САЛАСЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ
Ұлт денсаулығын жақсарту – ұлттық жоспардың басым бағыты. Осы тұста, Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» екеніне маңыз беріп, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында сала жұмысын нақтылай түсті. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуі тиіс. Бұл – тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні ақиқат.
Соңғы уақытта елде атқарылып жатқан жаңа бағдарламалардың басты бағыты – мемлекетті озық отыз елдің қатарына енгізіп, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру. Ал, бұл мақсаттарға жету жолындағы алғашқы қадам халық денсаулығының жақсарып, олардың салауатты өмір салтын белсенді ұстанып, креативті идеяларды іске асыруы маңызды.
Олай болса, денсаулық сақтау саласын цифрландыру – қажеттілік. Әсіресе, өңірлерде медициналық ақпараттық жүйелерді өндіру бойынша жұмысты ілгерілендіру тиіс-ақ. Зерделеп қарасақ, бұл бағытта жүйелі жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, 2015 жылы елде 50-ге жуық денсаулық сақтау саласының мекемесіне медициналық ақпараттық жүйе енгізілсе, бұл көрсеткіш биыл 500-ден аса ұйымның жабдықталғанын көрсетті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орай елде денсаулық сақтау саласында кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізіле бастады. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданындағы емдеу және алдын алу ұйымдары осы жаңа жүйе бойынша жұмысын жүйелеуде. Жүйенің алғашқы сатысы – емдеу ұйымдарына тіркелген тұрғындарды жүйенің электронды денсаулық паспортына енгізу. Осы құжат арқылы кез-келген емдеу ұйымы қаралуға келген пациент жайлы қажетті ақпараттардан хабардар болып отырады.
Бүгінде Жаңақорғандағы медициналық мекемелер цифрлануға көшіп, электронды құжаттың тиімділігін сезінуде. Мәселен, аудандық орталық емханада тіркеуде тұрған 73 244 адамның 65 616-сы электронды денсаулық паспортына көшірілген. Ал, электронды жүйеге енбей тұрған 7628 тұрғын өзге өңірлерде түрлі қызмет бабымен жүргендер.
– Қазір медициналық қызметтің 65 пайызы электронды түрде жүзеге асуда. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, олардың жұмысын біршама жеңілдетуде. Электронды денсаулық паспортына көшкен адам бұрынғыдай амбулаториялық картамен емес, тек жеке төлқұжатымен ғана дәрігер қаралуына келеді. Тиімділігі сол – дәрігер алдында емделуші туралы барлық ақпарат автоматты түрде шығып тұрады. Дегенмен, амбулоториялық карта толық жойылып кеткен жоқ. Қазір екеуі қатар жүзеге асуда. Өйткені, біз бүгінгі таңда екі базамен қатар жұмыс жасаудамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Гүлзат Абітаева.
Жаңа жүйенің тиімділігі – құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу, медициналық жазбалардың сапасы мен ақпараттылығын арттыру, бірқатар электронды бағдарламаларды біріктіру, басқа жүйелермен интеграциялау мүмкіндігі, тұрғындардың жыл сайынғы профилактикалық байқаулардан өту барысын қадағалау және де медициналық тексерулерге науқастарды кезек күттірмей алдын ала немесе белгілі бір уақытқа жазылуын қамтамасыз ету.
Қазір ауданда дәрігерлерге арналған бағдарламамен қатар, пациенттерге арналған «DamuMed» мобильді қосымшасы енгізілген. Бұл қосымша арқылы науқас дәрігер қабылдауына жазылып, өз анализ қортындыларын онлайн режимде бақылап, жедел-жәрдем шақырта алады. Қосымшадағы әр науқастың жеке кабинетінде оның денсаулығы жөніндегі барлық ақпарат қамтылған. Бүгінде мобильді қосымшаны ауданда 9655-тен астам тұрғын пайдаланады.
– Ауданда «DamuMed» қосымшасын пайдаланушылар саны күн санап артып келеді. Мәселен, қосымшаға қосылған 9655 тұрғынның 7955-сі белсенді пайдаланушылар. Яғни, 82,3 пайыз тұрғын белсенділік танытып отыр. Оның 527-сі жүкті әйелдер болса, 3813-і 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар. Жалпы, қосымшаның артықшылығын түсініп, оны игілігіне икемдеген адамның ұтары көп, – дейді Гүлзат Самединқызы.
Тақырыпқа тұздық болсын, осы мәселе бйынша әлем елдері тәжірибесіне тоқталсақ. Мәліметтерге сүйенсек, АҚШ пен Жапония елінде нарықта импульстік мониторлар, глюкометрлер және басқа да медициналық жабдықтар пайда болған. Дәрігерлер бұл жабдықтарды пациенттердің денсаулығына қашықтықтан бақылау үшін пайдаланады. Бұл өз кезегінде инфаркт алдындағы жағдайды көрсететін симптомдарды, қант диабетінің деңгейін, қан қысымымен ауыратын науқастардың жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Дәрігер науқастың жағдайын бақылап, нақты уақыт сайын өзгерістерді диаграммаға енгізу арқылы талдау қорытындысы автоматты түрде көрініп тұрады. Бұл – медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын үнемдеп, аурухананың тиімділігін арттырады. Науқастар аталмыш құрылғыдан процедуралар кестесі туралы біліп, емдеуші дәрігерлері мен медбикелерінің базасымен танысады. Демек, болашақтағы ауруханалар осы типте болуы әбден мүмкін.
Қорыта айтқанда, денсаулық сақтау саласын цифрландыру – осы сала жұмысындағы күрделі мәселелерді шешуге жол ашады. Біріншіден, медициналық қателіктердің саны төмендейді. Екіншіден, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығы артады. Үшіншіден, басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Төртіншіден медициналық көмектің қолжетімділігі артады. Бесіншіден, кезек күту мәселесі өз шешімін табатын болады.
А.АЛДАНАЗАР.