МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Биылғы жыл – Сыр бойының жаухары Қызылорда қаласына 200 жыл толған мерейлі жыл. Алаш ардақтыларының кеңесі мен сөзі қалған Қызылорда бүгінде әлемнің әр түкпірінен алынған үздік үлгілерден таңдалған жаңа келбетті қала.
Қыркүйек айында өз туған күнін тойлаған қалада мерекелік шаралар әлі де жалғасуда. Осы аптада қала әкімі Н.Нәлібаев облыстың экономика, қаржы саласының бірқатар өкілдерін Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.
Кеудесіне мерекелік медаль таққандар қатарында мерекелік кірістер органдарының ардагерлері, салық, кеден және экономикалық тергеу қызметінің мамандары болды.
Облыстың мемлекеттік кірістер органдары 2018 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке 98,3 млрд.теңге түсімдерді қамтамасыз етіп, жоспарды 111% орындады. Кедендік және салықтық төлемдер бойынша болжамды тапсырма 141% орындалды, түсім көлемі – 21,8 млрд.теңге. Құқыққорғау бағыты бойынша 233 қылмыстық іс тіркеліп, 160 істің өндірісі аяқталып, 80 іс сотқа жолданды. Мемлекетке келтірілген 2,5 млрд. теңгенің залалы қалпына келтіріліп, 2 млрд. теңгенің қаражаты мен мүлкіне шектеу қойылды.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызмет аясында 56190 кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Олар 11585 заңды тұлғадан және 44605 дара кәсіпкерден құралады. Мемлекеттік кірістер органдарының міндеті – оларға сапалы қызмет көрсету және мемлекеттік бюджеттің кірісін көбейту. Жыл сайын облыста мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі өсіп келеді: 2015 жылы - 6,6%, 2016 жылы – 7,2%. 2017 жылы – 28,5%.
Шахар басшысы марапат иелеріне арналған құттықтау сөзінде облыс тұрғындарының, қала халқының игілігі үшін жасалған әрбір іс үшін алғыс білдіріп, табыс тіледі.
Әріптестерімізді марапатымен құттықтаймыз! Кеудеңізде сыңғырлаған медаль Сіздің құрметке лайық еңбегіңіздің үні!