СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ – НЕГІЗГІ БАСЫМДЫЛЫҚ
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында мемлекеттік қызмет көрсету барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатындағы кезекті жиын өтті. Оған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалы қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында филиал директоры Айдын Қайруллаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, онымен күресу бағытындағы атқарылып жатқан арнайы іс-шаралармен таныстырып, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, бақылауды күшейтуге, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілерін тудыратын себептер мен жағдайларды болдырмауға бағытталғандығын атап айтты.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соған сәйкес қызметкерлер арасында оқыту-семинарлары, кездесулер ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, филиалдың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ахуалдық орталық жұмыс жасайды. Онда орталық мамандары камера арқылы егжей-тегжейлі бақылай отырып, жедел түрде қызметтің соңғы нәтижеге дейін жетуін қадағалап, кемшілік себептерін жою үшін шаралар қабылдайды. Одан бөлек, фронт-офистерде апта сайын
«Mysteryshopper» - «Жасырын сатып алушылар» шарасы жүзеге асуда. Мұндай тексерістер мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы осал жерлерді анықтап, келешекте кемшіліктерді болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі жиынға арқау болып отырған тақырып талдаулары филиал ұжымында сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру бағытында зор ықпалын тигізері сөзсіз», - деді филиал басшысы Айдын Қайруллаев.
Шарада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсыіс-қимыл агентінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкері Н.Жақодаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасындағы талаптарды орындау туралы тыңғылықты дайындалған баяндамасы тыңдалды.
Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін ұсыныстарын айтып тарқасты.