ЕЛІМІЗДЕ ҚОҚЫСТАН ЭЛЕКТР ӨНДІРЕТІН СТАНЦИЯЛАР САЛЫНАДЫ
Қазақстанда қоқыстан электр энергиясын өндіретін бірнеше биоэлектростанция салынады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта биоэлектр станцияларын тұрғызу мәселесін қарастыру қажеттігін көріп отырмыз. Бұл станциялар қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы жұмыс істейді. Бұл секторда мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді көбейту қажет», - деп атап өтті
ҚР Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, бұл электр станциялары қоқыс полигондарында орналасады және бірнеше мәселенің шешілуіне көмектеседі. «Қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі жобалардан басқа, қоқыс полигондардың негізінде биоэлектростанциялар орнатылады деп күтудеміз. Бұл қоқыстарды басқару, экологиялық таза энергияны өндіруде қоқысты қайталама шикізат ретінде қолдану сынды бірнеше мәселені қатар шешеді», - деді ол.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі осы жылдан бастап энергияның баламалы көздерінің жаңа жобалары бойынша аукцион жүйесін енгізді. Осы жылдың мамыр айында қуаттылығы аз саналатын 10-20 МВ-қа дейінгі аукциондардың алғашқы раунды сәтті өтті. 10 жобаның 8-і қолдау тапты. Ендігі кезекте бұл жобалар жүзеге асырылатын болады. Екінші раунд осы жылдың қазанында өткізілді және онда инвесторларға жалпы қуаты 15 МВт болатын биоэлектр станцияларын тұрғызу ұсынылды.