ҚОШ БОЛ, ГҮЛСАРЫ!
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы заманымыздың заңғар жазушысы, түркі әлемінің біртуар тұлғасы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай «Қош бол, Гүлсары!» кітабы бойынша оқырмандар конференциясын ұйымдастырды.
Шараның мақсаты «Қош бол, Гүлсары!» повестінің сюжеті мен композициясын талдай отырып, шығарманың негізгі идеясын ашу.
Шығарма жүйрік жылқының тағдыры арқылы қоғамдық - әлеуметтік болмысты тереңнен тануға арналған. Шарада басты кейіпкер – Танабай арқылы сол кездегі қоғам шындығы мен саясаттың кертартпалығы талқыланды. «Адамзаттың Азаматы» атанған Ш.Айтматовтың шығармаларының тақырыбы адам тағдыры мен ұлт тарихы туралы жазылғандықтан, 100-ден аса әлем тілдеріне аударылғаны және бүкіл адамзатқа түсінікті болғаны айтылды.
Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Айтбаева және «Болашақ» университетінің студенттері қатысты.
Оқырмандарға шығармаларында тек оқиға ғана емес, сонымен қатар құнды философиялық ой, тағылымдар берілген Шыңғыс Айтматовтың барлық шығармалар топтамасынан «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды.