«БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ ЕҢБЕКТЕ»
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында «Еңбек күні» мерекесіне орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бақыттың кілті еңбекте» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Шара жастарға еңбек адамына деген құрметті насихаттау, еңбекпен ұштасқан тұлғаларды бүгінгі ұрпаққа үлгі ету, қарапайым еңбек адамын өнеге етуді мақсат етеді. Осы орайда еңбектің ерен үлгісі «Дала академигі» атанған Ыбырай Жақаев бастаған ер-азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, Сыр өңірінің байлығын еселеп өсірген Ш.Қазанбаева, С.Жұмабекова, Ұ.Алтайбаева, Ж.Таспамбетова, З.Ержанова сияқты ақжаулықты аналарымыздың өмір жолы мен өнегесі бүгінгі жастарға үлгі екенін айта кеткен жөн.
Шара барысында ағаш ою шебері Қуантқан Ержігіт жастарға ағаштан әртүрлі бұйымдар жасау шеберлігінің сыры жайлы және өзі жасаған қолөнер бұйымдары туралы айтып берді. Сонымен қатар қатысушылар «Әлемнің әміршісі еңбек» атты кітап көрмесіне шолу жасады.