ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРУҒА ЫҚЫЛАСТЫҚ
Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев республика бойынша алғашқылардың бірі болып аймақ халқына есігін айқара ашқан «Татуласу орталығында» болып, жұмысымен танысты.
Сотсыз татуласуды жүзеге асыру пилоттық жобасы аясында ашылған орталықтың қызмет бағыты азаматтардың өзара келісім мәдениетін арттыруға бағытталған.
«Қазақ қашанда сүбелі сөзге тоқтаған халық. Бабаларымыз ел ішіндегі, ағайын арасындағы дау-дамайды өршітпей, сыртқа шығармай, тоқтау салып отырған. Соңғы жылдары қоғамға медиация атауымен жаңа ұғым болып еніп, қайта жаңғырған дала даналығының дара заңдылығының халық бірлігін сақтаудағы маңызды рөлі тәжірибелік пайдасымен қажеттілігін мойындатты. Татуласу орталығы - «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер?» деп жөн сөзге құлақ асып, мәнін түсіне білген қазақ қоғамындағы құқықтық дәстүрдің сабақтастығы. Мұндай бітімгершілік рәсімдері тараптар арасында түсіністік орнату және екі жаққа да тиімді жол табу барша халық үшін қолайлы. Еліміздің бірлігі үшін медиация саласы көп еңбек сіңіретініне кәміл сенеміз», - деген филиал директоры орталық қызметіне толағай табыс тіледі.
Шара барысында мемлекеттік корпорацияның облыс бойынша филиалы мен Татуласу орталығы арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі