ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ - БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Соңғы жылдары елімізде тұтынушылар құқығын қорғау саясаты белсенді түрде жүргізілуде. Бұған дейінгі Жолдауларда елді саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғыртуға күш салып келсе, биылғы жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатынының өсуін басты басымдыққа айналдырып отыр. Бұл туралы өз ойын бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева білдірді.
"Келесі жылдан бастап тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастайтын болады. Бүгінде халық тұтынып отырған затының сапасына аса мән бермейді. Тұтынатын заттың сапасын көтеру арқылы адамдарың өмір сүру сапасын жақсартуға болады. Менің ойымша халықтың әл-ауқаты 2 нәрсеге мән берген жағдайда әлдеқайда жақсарған болар еді. Өзімізден шығып жатқан өнімдерді сапалы өндіріп, сол өнімдерді қайтадан өзіміз дұрыс пайдалана білуді үйренген жағдайда; өнімдерді, тауарларды, қызмет түрлерін пайдалануда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жолға қойғанда. Әр адам осы Жолдауды оқып, өзіне қажетті тұстарын «Мен не істей аламын?», «Отбасымның, көрші-көлемнің, жалпы халықтың өмір сүруін жақсартуға қалай үлес қосамын?» деген сұрақтарға жауап іздей отырып, алған білімін өмірлік тәжірибеде іске асыра білуі керек деп ойлаймын", - деді Нұрсәуле Мұсаева.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова және Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев қатысып, Елбасы Жолдауына байланысты өзіндік пікірлерімен бөлісті.