КӘСІПКЕРЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Қызылорда қаласында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, жеке іс бастап жатқан жандар жетерлік. Қолдан келер іспен бизнес көзін тапқандар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды оңтайлы пайдаланып қалуда. Аталған бағдарлама алғаш іске қосылған жылы көбіне наубайхана мен мал шаруашылығы саласы бойынша сүт және ет бағыты бойынша кәсіп ашқандар көп болатын. Жыл өткен сайын бұл кәсіптермен қатар тігін цехы, қонақ үй бизнесін дамытушылар көбейіп келеді.
Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижесінде, қалаға қарасты елді-мекендерде 1 тігін цехы, 2 наубайхана, 1 қонақ үй, 1 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізіп келеді. Мал басын көбейту мен сүт, ет бағытын дамытуда 522 мүйізді ірі қара, 202 жылқы алынған. «Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 5 кооперативтің 138 мүшесі тарапынан 2814 мүйізді ірі қара сатып алынды.
Сонымен қатар қала маңындағы елді мекен тұрғындарына сапалы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында 5 кәсіпкер орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік сатып алып, 11 кәсіпкер өз кәсіптерін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 2 жылыжай, 2 наубайхана, 5 қызмет көрсету кешені, 1 асхана, 1 мейрамхана, 2 монша нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.