ҚОРҒАНБЕК ҚАЙРУЛЛАЕВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаевтың 75 жылдығы атап өтілді. Еліміздің еңбек ардагерін әріптестері мен замандастары мерейтойымен құттықтады.
"Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында, халықтың оң назарында жүрген азаматтарға Сыр бойы кенде емес. Біз сол азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға мысал, жастарға өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Осындай нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі де бірегейі - Қорғанбек Қайруллаев ағамыз. Еңбек жолын ауылындағы шаруашылықта механизатор болып бастап, өңірдің басшылық құрамындағы жауапты лауазымдарды атқарды. Түрлі жауапты қызметтерді атқара отырып, өзін білікті басшы және елінің нағыз ұлтжанды азаматы екенін көрсете білді. Бүгінгі күні де аймағымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеп келеді»,-деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Еңбек ардагері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, мерейтой иесін еңбек ардагерлері Тұрғанбай Маханов пен Ибрагим Әбибуллаев құттықтады. Өз кезегінде Қорғанбек Қайруллаұлы жиналған қауымға риясыз көңілдері үшін алғысын білдірді.
Қорғанбек Қайруллаев 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, одан соң Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы туған ауылындағы шаруашылықта механизатор, Қызылорда локомотив депосында слесарь-дизельші, тепловоз машинисінің көмекшісі болудан бастаған. Арқа төрінде біліктілігін шыңдап, тәжірибе жинақтаған соң туған жері Сыр өңіріне оралып, Қызылорда облыстық атқару комитетінің заң кеңесшісі, 1975 - 1987 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1987 – 1990 жылдары облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Ел мүддесі жолындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атанды, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.