ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ БЕДЕЛІ
Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының үстіміздегі жылы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттауға бағытталған «Ұстаз мәртебесі – Ұлт болашағы» атты облыстық конференция болып өтті.
Конференцияға жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының директорлары мен ұстаздары, студенттер, мектеп мұғалімдері мен балабақша меңгерушілері, мемлекеттік қызметкерлер, ҮЕҰ, БАҚ және жастар өкілдері қатысты.
Конференция модераторы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Бахытхан Абдикаримов Елбасының алдымызға қойған IІ міндетіне, яғни тұрмыс сапасын артыруға тоқталды.
Конференция барысында Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Бақтыбайқызы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ университетінің педагогика-психология кафедрасының профессоры, Шарбан Майгелдиева, Қызылорда облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық қамтамасыз ету» кафедрасының аға оқытушысы Ақманат Басанова, «Күнекей» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Қасенова, №15 мектеп-лицейінің директоры Күміскүл Серекеева Елбасының алдымызға қойған II міндетіне орай өз баяндамаларын оқыды.
Мұғалімнің кәсіби дайындық сапасына қойылатын талап немесе кәсіби теориялық білімі мен практикалық біліктілігі – құзіреттілік пен кәсіби шеберлігінің сапасы ретінде қаралатындығын, әрбір ұстаз оқытудың жаңа технологиясындағы тиімді пайдаланған әдістердің бәрі бала дамуына қарай бағыттау керек екендігін №15 мектеп-лицейінің директоры Күміскүл Серекеева жеткізді.
Сонымен қатар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық қамтамасыз ету» кафедрасының кафедрасының аға оқытушысы Ақманат Басанова: «Ұстаз беделі – ұлт мәртебесі, ұстаз беделі – ел еншісі, ұстаз беделі – болашағымыздың беделі. Мемлекетіміздің болашағын қалайтын, абыройын асқақтататын осы мұғалімдер», - деп ұстаздарға артылар жауапкершіліктің зор екендігін атап өтті.
Іс-шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов Жолдауда айтылған негізгі мәселелерге сондай-ақ, реформалар мен Елбасының үкіметке қойып отырған талаптарын, Қазақстан халқына жүктелген тапсырмаларын айтып өтті.
«Жолдаудағы міндеттердің орындалуы Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне ықпал ететін болады. Педагог кәсібінің мәртебесі мен имиджін арттыра білсек, сонда ғана қойылған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға қабілетті боламыз», - деді Талғат Маханов. Кездесу соңында қатысушыларға таратпа материалдар, Елбасы Жолдауына арналған әдістемелік нұсқаулық таратылды.