АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл өткен сайын аймақта мал саны көбейіп, тиісінше ет және сүт өнімдерінің де көлемі артуда. Бұл, әрине, тұтынушыға табиғи өнімге қолжетімділікті арттырса, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің кәсібін өрге бастырары сөзсіз.
Осы орайда, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында құрылған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша Қызылорда қаласында нақтыланған мал сатып алу жоспары бекітілген.
Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда, жоспарға сәйкес несиелендіру арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 40,4 млн. теңгеге 204 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 43,3 млн. теңгеге 126 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 26,2 млн. теңгеге 1040 бас уақ мал сатып алынған.
Сонымен қатар елді мекендерді несиелендіру бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы 150 адамның тізімі жолданып, бүгінде оның 38-і 163 млн. теңге несие алып отыр.
Облыс орталығында 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен 27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылған. Биылғы жылы 2 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 69 мүшеден тұратын 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда.
Кәсіптің көзін тауып, мемлекеттің көрсеткен қолдауы арқылы ауыл шаруашылығы саласында ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге алдағы уақытта да көрсетілер көмек аз емес.