«ZHAS PROJECT» ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ
Жастарды қолдауға арналған «Zhas Project» бағдарламасы бүгінде көп жастардың іс бастауына мүмкіндік беріп отыр. Алғашқыда аталған бағдарламаға күмінмен қарағандардың да болғаны белгілі. Дегенмен бұл бағдарламаның міндеттерін орындағандар қазіргі күні өз кәсіптерін дөңгелете бастады.
«Zhas Project» бағдарламасы бойынша жұмысын бастаған Ақсу ауылының тұрғыны Раушан Жиенбаева сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Ол өз кәсібі арқылы тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін өнім ұсынып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге көмек көрсетеді.
Белсенді жас жоба арқылы жеңіп алған қаржысына екі бұзаулы сиыр алған. Жеңімпаз сүт, айран, құрт, май секілді сүт өнімдерін халықтың осал топтарына үлестіріп отыр. Жеңімпаз топ мүшелері өңделген өнімдерді 15 адамға таратып, игі істерін жүзеге асыруда. Топ құрамында көшбасшы Раушан Жиенбаевамен бірге жас кәсіпкерлер Фариза Әсембекова мен Перизат Депсалиева да бар.
– Бұл жобаның мақсатын, маңызын түсініп, қатысуға бел будық. Үш адам топтасып жоба ұсындық. Міне, бүгінгі таңда грант иегері атанып, жұмысымызды бастадық. Біздің мақсатымыз – өңірдегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу. Алты ай мерзімде 70-80 адамды сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарладық. Алдағы уақытта тағы да бір бас бұзаулы сиыр алу ойда бар, – дейді Раушан Жансейітқызы.
«Zhas Project» бағдарламасы аясында Жалағаш жастары ұсынған 300-ге жуық жобаның ішінен 75-і тіркеліп, оның 26-ы қолдау тапқан. Бүгінде жоба жеңімпаздары өз кәсіптерін бастап, халыққа сапалы қызмет көрсетуде.