ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АЛТЫН ДӘН» МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Мереке аясында облыстың барлық аудандары мен қала төңірегіндегі елдімекендерінің қатысуымен дәстүрлі ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Қызылорда облысының шаруалары 1500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімін – көкөніс, бақша және сүт өнімдерін, балық, сондай-ақ қой мен ешкі әкелді. Айта кетейік, барлық өнім облыс орталығындағы нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды.
Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды.
Н. Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандарының жәрмеңкелеріне барып, диқандарды егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасаған қамқорлығының арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд.теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбектерінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды»,-деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада аграрлық сала бойынша үздік аудандар мен қызметкерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында аймақтағы Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иранға экспорт жасау жоспарлануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері - Қытай мен Ресейге т.б. елдерге жеткізіледі.
2018 жылы Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 7,1 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Бұлар - халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты мен Қызылорда қаласындағы 2 гектарлық автоматтандырылған жылыжай, Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, Шиелі ауданында 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мал бордақылау алаңдары.
Суармалы су тапшылығын болдырмау және ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында келесі шаралар қабылданды. Біріншіден, шаруашылықта құнарлылығы жоғары мал азықтық дақылдар – жүгері, сорго, судан шөбі, майлы дақылдар – соя мен мақсарыны, халық көп тұтынатын картоп, көкөніс,бақша дақылдарының және көпжылдық жемістердің егіс көлемдерін ұлғайтуға басымдық беріледі.
Екіншіден, суармалы егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту шараларын іске асыру және суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы облыста өндірілетін өнім көлемімен өнімділікті арттырады. Бұл бағытта алдағы жылдары барлығы 188 мың гектар суармалы жерлер бойынша сомасы 127,3 млрд. теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Нақты айтқанда, суармалы жерлердің ирригациялық дренаждық және инженерлік жүйелерін қалпына келтіру, пайдаланылмай жатқан жерлерде ылғалды сақтайтын агрогельдер мен аквасорбенттерді пайдалану, жер асты суларды пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып және топырақасты суландыру жүйелерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту.
Үшіншіден, аграрлық салада «ақылды технологияларды» өндіріске енгізу ауылшаруашылығы техникаларының барлық процестерін компьютерлік бақылау, ауа райын болжау арқылышаруашылық құрылымдар өндіріс шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін ұлғайуға мүмкіндік береді. Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруашылығы базасында «нақты егіншілікке» арналған «Aқмая смарт ферм» жобасының нәтижесінде, цифрлық, инновациялық агротехнологияларды өндіріске енгізу тәжірибесі аймақтағы басқа да шаруашылықтарға таратылатын болады. 2022 жылға қарай облыста «ақылды технологияларды» өндіріске енгізген шаруашылықтардың санын 286-ға жеткізуді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Төртіншіден, ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемін арттыруда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, кластерлік дамыту бағдарламасы аясында 2019 жылы кем дегенде 10 тамақ өнеркәсібін құру жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
Аймақта мал шаруашылығын дамытудың кластерлік әдісі енгізілуде. Қабылданған шаралар 2019 жылға қарай ет өндіруді - 17%-ға, сүт өнімі - 7%-ға, жұмыртқа - 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.