ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Қазалы ауданында «Игіліков Т» шаруа қожалығы 2006 жылдан бастап балық шаруашылығын дамытуда елеулі үлес қосып келеді. Осы күнге дейін су маржанын қатырып, мұздатылған күйде саудалап, кәсібін дөңгелетті. Бүгінде цех ғимаратын кеңейтіп, құрал-жабдықтар алғаннан кейін балықты өңдей бастады.
Қазір мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Жоғары сұранысқа ие зауытқа Төребек Игіліков басшылық етеді. Жігіт ағасы осыдан тура он жыл бұрын кәсібін өркендету жолында «Ақбасты» өндірістік корпоративін құрды. Іскер кәсіпкер өндірісті ұлғайту мақсатында Кіші Арал теңізінің №1 учаскесін иелігіне алады. Әрбір қадамын бағамдаған ол екі жылдан соң Арал ауданы, Ақбасты елді мекенінде тоңазытқыш орнатады.
Бұл күні Төребек Жұмабекұлының балық өңдеу зауыты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Арнайы зертханасы бар. Өндіріс кешеніне сүбе мен балық тұздау және балық қатыратын, сондай-ақ, сақтайтын цехтар кіреді. Сүбе цехы күніне 2 тонна балық өнімдерін шығарса, балық тұздау цехы 3 тонна балық өнімдерін өндіреді. Қазіргі кезде жаңа технологияға байланысты реконструкция өтіп жатыр. Балық қатыратын және сақтайтын цех тәулігіне 20 тонна балық қатыра алады. 600 тонна көлемінде балық қатыратын сақтау камералары жұмыс істейді.