ОТБАСЫ. ӨНЕГЕ. ҚҰНДЫЛЫҚ
Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде «Ұлт руханияты: Отбасы. Өнеге. Құндылық» тақырыбын арқау еткен аудандық әйелдер форумы өтті. Сөйтіп жиынның негізгі мазмұны да мақсаты да әйелдер және олардың қоғамдағы рөлі болмақ. Аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, шараны жүргізіп отырды.
Аудан басшысы әйелдердің қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі орны, елімізді дамыту жолында атқарған жұмыстары жөнінде айта келе әйелдер қауымдастығы, әйел-аналардың мақсат-міндеттері жөнінде пайымды пікір білдірді. Сөйтіп, форумның алғашқы сөзі «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» туралы айту үшін аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетке ұсынылды.
Н.Әбілқасымқызы әңгімесін тарих беттеріндегі аналар бейнесімен айшықтап, деректер мен дәйектерді көпшілік назарынан тыс қалдырмады.
Ал, «Бірлік пен татулық – елдігіміздің нышаны» тақырыбын жан-жақты қозғаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Татьяна Нуштаева өзінің мемлекеттік тілде кідіріссіз сөйлеуі арқылы қошеметке ие болды.
Мұнан соң «Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі» тақырыбында амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева өз ойын ортаға салды.
«Ауылдық әйелдер кеңесі жұмысының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы» жөніндегі Телікөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айсара Әбілдақызының бая-ндамасын көпшілік ұйып тыңдады. Зал сілтідей тынды. Өмірлік тәжірибесін алға тартқан ақ жаулықты әже бала тәрбиесі жөніндегі ойларымен баршаның ықыласына бөленді.
Сөйтіп, ауданның барша әйелдер қауымына Үндеу жарияланып, Үндеу жобасын оқу үшін сөз №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының жас ұстазы, ағылшын тілі пәні мұғалімі Фариза Сейілбекова ортаға озды.
Форум қорытындысында аудан көлеміндегі қоғамдық және саяси өмірге белсене араласып жүрген іскер, көшбасшы әйелдер, алтын құрсақты аналар мен өз кәсібінде жетістікке жеткен арулар марапатталып, мерейлері үстем болды. Бірқатар аналар түрлі аталымдарға лайық деп танылса, келесілері Шиелі ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен мадақталды.