«АЛТЫН ДӘН-2018»: БЕРЕКЕСІ АРТҚАН МЕРЕКЕ
Күз келгелі ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразалайтын шаққа таяды. Егіншісі мәрт, жері жомарт – Жаңақорған ауданының аграрлы саладағы серпіні қарқынды. Жылдағыдан мол өнім жинаған дала еңбеккерлерінің еңбегі ерен. Міне, диқан қауымның мерейін асыратын биылғы «Алтын дән-2018» мерекесі Жаңақорған ауданының 90 жылдығына сәйкес келді.
Бұл күні табиғат-ана жомарттық танытып шуағын төге келді. Пейілін кеңге, қырманын дөңге сала келген диқандардың төл мерекесі тоқсан жылдықпен қатар өрбіді. Орталық алаң төрінде дархан да жомарт күздің молшылық мерекесін сахналық көрініспен сомдаған аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымы дүбірлі тойдың мән-мағынасын нақышына келтіре айшықтады. Әсіресе, егін жиналған маусым мен қамбаға құйылған дәннің көрінісін өрнектеген өнерпаздар жиылған қауымға керемет композиция ұсынды. Молшылық мерекесі облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Қазақта «шаруа кісіні қыдыр тұт, сақы кісіні қадір тұт» деген аталы сөз бар. Пайымды сөздің парқына үңіліп, алты ай жаз дала қосында дамыл көрмеген еңбеккерлердің ерен еңбегіне берілген баға екенін ұғасыз. Осындай қанатты ойға қабілет дарытқан жаңақорғандықтар диқанға да, малшыға да зор құрметпен қарап, еңбегін адал бағалап үйренген.
Өздеріңіз білетіндей, бәсекелестікке тек тынымсыз ізденгендер ғана төтеп бере алады. Бұл бағытта Сыр елінде толымды табыстар бар. Қамба дәнге толып, ел ырзығы молынан жиналды. Осындай өзгерістерді бүгінгі жаңақорғандық еңбеккерлер жақсы қабылдап, жұмысқа ширақтық танытуы қуантады.
Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған азаматтарға алғысым шексіз. Еңбек қайтсын, береке артсын! Қырманымыз таси берсін, – деген Руслан Рүстемұлы жиылған халыққа аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың сәлемін жеткізді.
Мұнан кейін сөз алған аудан әкімі Ғалым Әміреев ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістігін тарқата айтты.
– 2018 жыл Жаңақорған ауданы үшін берекелі, мерекелі жыл болды. Олай дейтінім, қамба күміс дәнге толып, көңіл марқайды. Мал азығы да молынан жиналды. Жалпы биыл 37024 гектарға егіс егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 106,0 пайызға арттық. Аудан бойынша егілген күздік және жаздық бидай, арпа дақылдарын жинау жұмыстарын жүргізіп, егілген күздік бидайдың әр гектарынан 21,6 центнерден 5845 тонна, жаздық бидайдың әр гектарынан 18,3 центнерден 326 тонна, және арпа дақылының әр гектарынан 15 центнерден 190,5 тонна өнім алынды.
Сондай-ақ 2018 жылы егілген 7700 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден 38,5 мың тонна өнім алынып, өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан 1,4 центнерге жоғары өнім алуға қол жеткізілді. Оған қоса, биыл ауданнан 1665 тонна бақша өнімдері алыс-жақын шетелге экспортталды. Түптеп келгенде, мұның барлығы да дала еңбеккерлерінің ертелі-кеш еткен маңдай терінің жемісі деп білеміз, – деді аудан әкімі. Сондай-ақ жер ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған азаматтарға алғысын білдіре келе, ауыл шаруашылығы өндірісі мен биылғы жиын-терімде үздік нәтиже көрсеткен бір топ озаттарды марапаттады.
Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Олай болса, мерейі тасыған еңбек озаттарының есімін тоқталсақ. Қыркеңсе ауылдық округі «Үздік ауылдық округ» номинациясы бойынша жеңімпаз танылып, ауыл әкімі Жаңабай Орынбасаров марапат төрінен табылды.«Үздік шаруашылық» номинациясымен «Түгіскен ТШ» ЖШС-нің директоры Рүстемов Нематула, «Озат күріш өсіруші» «Нұрбол-И» шаруа қожалығының күріш өсірушісі Тұрсынбаев Оразәлі, «Озат бидай өсіруші» «Сұңқар» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Рыспанбетов Нұрлан, «Озат жоңышқа өсіруші» «Жақсылық» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі Абдуллаев Есентай, «Озат мақсары өсіруші» «Елімай» шаруа қожалығының мақсары өсірушісі Алпысбеков Ерлан, «Озат бақша өсіруші» «Жиделі» шаруа қожалығының бақша өсірушісі Мұсатаев Бағдат, «Озат көкөніс өсіруші» «Серікбай» шаруа қожалығының көкөніс өсірушісі Сарбасов Амантай, «Озат картоп өсіруші» «Қарақат» шаруақожалығының картоп өсірушісі Серікбаев Сарыбай, «Озат астық бастырушы» «Бақытжан» шаруа қожалығының астық бастырушысы Құндызбаев Нұрмахан, «Озат дестеге жығушы» «Хамит» шаруа қожалығының дестеге жығушысы Ысқақов Ербол, «Үздік су мұрабы» «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің инженер гидротехнигі Абдраманов Талғат, «Үздік мәдениет қызметкері» «Екпінді» ауылдық клуб үйінің үздік мәдениет қызметкері Түлкібаев Жасұлан, «Үздік тілші» номинациясымен «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже марапатталды. Озаттарға «Дипломмен» қоса газ плитасы, қысқа толқынды пеш, ноутбук табысталды.
Оған қоса, Жаңақорған ауданының 90 жылдығына орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан бір топ сала басшылары мен мамандарының мерейі үстем болып, «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хат» алды. Марапат алған үздіктер қатарында «Жаңақорған тынысы» газетінің сайт үйлестірушісі Айнұр Сейдеметова бар.
– Дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесі құтты болсын! Жаңақорған ауданының 90 жылдығымен тұспа-тұс келген молшылық мерекесі барша қауымға берекесімен келсін. Сыр елі қашанда ырыс пен несібенің елі. Қамба толық болса, ел тоқ, – дейді «Озат бидай өсіруші» номинациясына ие болған Рыспанбетов Нұрлан.
Соңыра, дархан даланың диқаншылары қауымы мен жиылған қонақтарға аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, ауданның 90 жылдығымен қатар келген «Алтын дән-2018» молшылық мерекесі көтеріңкі көңіл күйде аталып өтті.