ҚАЗАЛЫДА 124 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Қазалы ауданында 9 айда 400,1 млн теңгені құрайтын 124 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы директоры Ермек Аймаханов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазалыдағы Палата қызметкерлері өткен жылы кәсіпкер болуға ниетті 1160 адамға 3480 кеңес берсе, 2018 жылдың 9 айында 600 азаматқа 1728 көрсеткен.
- Кеңес беруде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру, кәсіпкерлерді құқықтық қолдау, несиені алу, мақсатты жұмсау және қайтару мәселесіне басымдық берілді», - деді Ермек Аймаханов.
Ауданда сервистік қолдау алатын азаматтардың да қатары артқан. Мәселен, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты өткен жылы 185 кәсіпкерге қызмет көрсетілсе, осы жылдың 9 айының өзінде 208 кәсіпкерге қызмет көрсетілген.
Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиал кеңесшілері 9 айда 486,9 млн.теңгені құрайтын 162 жобаға бизнес-жоспар әзірлеген.
- Ауыл кәсіпкерлері аудан орталығына келіп уақыт жоғалтпасын деп онлайн-кеңес беру жүйесін енгіздік. Яғни кез келген азамат кәсіпкерлікке қатысты туындаған сұрақтар бойынша ауылдық округ әкімдігіне барып, бізбен Hangouts байланыс жүйесі арқылы қосыла алады. Бүгінде біздің мамандар кеңесті осы тәсілмен де беріп жатыр», - дейді Палатаның Қазалы аудандық филиалының директоры.
Баспасөз мәслихатында Ермек Аймаханов Қазалыда біліктілігін жетілдіріп, кәсібін ашқысы келетін азаматтар қатарының артқанын да жеткізді. Мәселен, Палатамен кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 2017 жылда 141 азамат оқыса, 2018 жылдың 9 айында 249 қазалылық біліктілігін жетілдіріп, арнайы сертификаттарға қол жеткізген.
Сұранысқа ие жобалардың бірі «Бастау» жобасы. Биылдың өзінде аталмыш жоба аясында 109 азамат оқып, 87-сі өз жобасын сәтті қорғап шыққан.
Нәтижесінде түрлі бағдарламалар аясында оқыған азаматтардың ішінде 9 айда Қазалыда жалпы құны 400,1 млн.теңгені құрайтын 124 жоба қаржыландырылған.