ДЕНСАУЛЫҚҚА ТИІМДІ ДЕМАЛЫС
Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиалы «Біз бір командамыз» атты шағын футболдан облыстық жарыс ұйымдастырды.
Аймақта бұқаралық спортты қолдауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұжым ішіндегі өзара қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ, қызметкерлердің жігерлілік, ұмтылушылық және табандылық секілді маңызды қасиеттерін дамытуға бағытталған турнир жыл сайын дәстүрлі өтіп тұрады. Биылғы жарыста филиалдың қалалық, аудандық бөлімдерінен 11 команда қатысты.
Спорттық шара ҚР Мемлекеттік Әнұранын орындаудан бастау алды. Кездесуге арналған ән-шашудан соң, филиал директоры Айдын Қайруллаев, облыстық «Нұр отан» партиясының қоғамдық қабылдау меңгерушісі Мақсұт Баекеев және филиал жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Пұсырманов құттықтау сөз сөйлеп, спортшылар мен қонақтарға сәттілік пен жақсы ойын тіледі.
Ойындар өте тартысты, қызықты өтті. Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдеге Қармақшы және Сырдария аудандарының құрама командасы табан тіреді. ІІ орынды мамандандырылған ХҚКО командасы місе тұтса, жүлделі ІІІ орын қалалық №1 фронт-офис командасының жігіттеріне бұйырды.
Жарыс соңында үздік ойыншылар да марапатталды. «Үздік ойыншы» атағы Азамат Жағыпаровқа бұйырды. «Үздік қақпашы» аталымын Әмір Сағатов иеленді. «Үздік шабуылдаушы» аталымына Нұржан Тиышев тұрақтаса, «Үздік қорғаушы» аталымы бойынша Рустем Айтмамбетов марапатталды.