ҚАРМАҚШЫДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫ ЖЫЛҚЫМЕН ЕМДЕУДЕ
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапия (жылқымен емдеу) арқылы емдеп жатыр.
Қармақшы ауданының тұрғындары Әділжан Сейілов, Зарина Казакова, Әлия Абадова «Zhas Project» әлеуметтік жобасы арқылы қайтарымсыз грантқа ие болып, өздерінің жоспарға алған «Иппотерапия» орталығын ашты.
«Zhas Project» жобасы жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осыны естіген бойда үшеуміз бірігіп, жұмысқа кірістік. Ауданның өзінде түрлі-түрлі креативті идеялар ұсынылды, қорғалды. Соның ішінен топ жарып, грант иегері атанғанымызға қуанамыз. Жалпы халық медицинасында адамды жануарлармен емдейтін әдіс бар. Соның бірі – иппотерапия. Ғылыми тілде «иппотерапия» деп аталатын атпен серуендеу арқылы жасалатын емнің бұл түрінен бүгінде талай жан дертіне дауа табуда. Неге осы ем түрін өз өңірімізде дамыта алмаймыз деген ойға келе жобаға қатысуға бел будық», – дейді жоба мүшесі Әлия Абадова.
Ал жобаның тағы бір мүшесі Зарина Казакова өздерінің жобалары мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде сал ауруына шалдыққан балаларға, жетім, тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастарға арналғанын айтады.
«Мақсатымыз – аз да болса олардың езуіне күлкі үйіру, атпен серуендетіп еміне шипа беру. Біз қыркүйек грант ұтып алып, бір жылқы сатып алдық. Қалғанын жем-шөбіне жұмсадық. Ісімізді қолға алғалы бері қаншама баланы қабылдап, атпен серуендеттік. Соның әсерінен көңіл-күйлері жақсарып қалатынын байқайдық. Бұл бастамасы ғана. Алдағы уақытта жобамыздың аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді Зарина.
baq.kz