МИНИСТР ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ТҮСІНДІРДІ
Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ Қызылорда облысында жұмыс жүргізілуде.
Қалмұханбет Қасымов облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге өңірдің белсенділерімен кездесті, онда ол қатысушыларға бағдарламалық құжатта көрсетілген негізгі бағыттар, сондай-ақ Президент Әкімшілігімен бірге әзірлеген қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы айтты.
Жол картасында ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру жоспарланған.
Сонымен қатар Министр тұрғындармен жұмыс істеуде заманауи форматтардың, жаңа полиция стандарттарының және жаңа нысандық киімнің әзірленуі туралы айтып өтті, сонымен қатар ведомстволық оқу орындарының қайта реформалау мәселелерінежәне «102» қызметінің жаңаша жұмыс істеуіне тоқталды.
«Президент құқыққорғау органдарының жұмысында терең сапалы өзгерістердің қажет екенін айтты. Қоғам біздің жұмысты түбірімен жақсарғанын қалайды, қоғам тарапынан полицияға сенімділік деңгейінің артуы және тұрғындардың қауіпсіздігі - полиция жұмысының басты өлшеуіші болып табылады» -деп атап өтті Қ.Қасымов.
Сонымен қатар Қалмұханбет Қасымов облыс әкімімен бірге Жол картасы шеңберінде ҚР ІІМ, «Зерде» Ұлттық холдингімен және облысәкімдігімен бірлесебекіткен «112 бірыңғай кезекші қызмет» пилоттық жобасының құрылуы мен енгізулі жөніндегі жұмысты зерделеді.
«112» бірыңғай кезекшілік қызметі операторлардың қоңырауларын қабылдап, нақты бағыттағы диспетчерлермен байланыстырады (101,102,103,104,112). Осы жоба Астана қаласы мен Қызылорда облысында сынақтан өткізіледі.
Сонымен қатар Қ.Қасымов ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлерімен кездесіп, онда ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмаларына және оны орындау үшін жүзеге асырылатын нақты шараларға тоқталды, сонымен қатар облыстық полицияның бірқатар бөліністерінің жұмысымен танысты.
Қазақстан Республикасының ІІМ Баспасөз қызметі