КЕЛЕШЕК КІЛТІ – БІЛІМДЕ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында егемен еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарына, экономикасының қарқынды дамып келе жатқан мемлекет құрылғанына және Қазақстанның халықаралық беделінің артып, аймақтағы геосаяси ролінің күшейгенін атап өтті. Сонымен қатар, соңғы кездері әлемде жүріп жатқан күрделі өзгерістерге байланысты жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі екеніне тоқталды.
Бұл маңызды құжатта Елбасы ең алдымен Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, халық табысының өсуіне, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған міндеттерге басты назар аударып, оны жүзеге асырудың тетіктерін жан-жақты баяндап, нақты тапсырмалар берді.Жолдауда білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелерінің әрбір қазақстандық отбасы үшін маңыздылығы айырықша айтылған. Осыған орай, Үкіметке 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 10 пайызына дейін жеткізу қажеттілігі тапсырылды.
Дүниежүзілік Банктің мәліметі бойынша, ІЖӨ-ның білім саласына бөлінген пайызы жағынан, әлем елдерінің көрсеткіштері төмендегідей: Куба-18,7%; Дания-8,7%; Малайзия-8,1%; Швеция-7,7%; Финляндия-6,8%; Россия-3,8% және Қазақстан-3,1%. Елбасының еліміздегі ІЖӨ-ның 10%-ын білім, ғылым және денсаулық саласына бөлу туралы тапсырмасы жаңа технологияларды батыл игеруге, роботтандыру мен автоматтандыруды өмірдің барлық дерлік саласына кеңінен ендіруге және адам капиталының сапасын арттыруға жаңа қарқын берері сөзсіз.
Жолдауда мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігі баса айтылған. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттілігі Үкіметке тапсырылды.
Халықаралық зерттеулер адам баласы жан-жақты дамуы үшін оған 3-6 жас аралығында берілген тәрбие мен білімнің аса маңызды екенін айтуда. Және зерттеулер осы кезде баланың дамуына құйылған инвестиция ең тиімді инвестиция болып саналатынын, 1 доллардың қайтарымы 5 долларға тең екенін көрсетуде. Яғни, 1 млрд.доллар жұмсалса, қайтарымы 5 млрд.доллар.
Сондықтан, 2010 жылы елімізде Елбасының тікелей тапсырмасымен 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтуды көздеген «Балапан» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарламаның республикада бірінші болып біздің аймақта 2015 жылы орындалғанын ерекше атап өтуіміз қажет.
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 2012-2018 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 2947 қызметкері біліктіліктерін арттырды. Тыңдаушыларға курс аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың аспектілері, бала дамуының негізгі индикаторлары және инновациялық технологияларды (М.Монтессори технологиясы, Альтшуллердің ӨТШТ технологиясы, ерте жастан дамытудағы Н.Зайцев және Г.Доманның дамытушы әдістемелері және т.б.) білім беру процесіне ендіру жайлы ақпараттар беріліп, тәжірибелік жұмыстар жүргізілді, шеберлік сыныптары көрсетілді. Алдағы уақытта институт ұжымы Елбасы Жолдауында көрсетілген білім беру сапасын арттыруға бағытталған міндеттерді орындау жолында жұмылып еңбек ететін болады.
Мемлекет басшысы Жолдауда орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленгенін, қазір солардың орындалуына баса назар аудару қажет екенін айта келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі еліміздегі барлық мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы және білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуі тиіс екені нақты тапсырды.
Елімізде 2016 жылдан бастап орта білім жүйесінде білім мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша біліктілік арттыру курстары жүргізілуде. 2016-2018 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 8952 мұғалім осы бағдарламалар бойынша біліктіліктерін арттырып, қазіргі таңда аймақтың білім беру саласында табысты еңбек етуде.
Бұл бағдарламалар көмегімен оқушылар қоғамда өмір сүруге; алған білімдерін өмірде қолдана алуға; идеялар мен көзқарастарды бөлісуге; өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдауға; сыни тұрғыдан ойлай алуға; ғылыми-зерттеушілік және жобалау жұмыстарын кешенді бағдарламалар негізінде жүргізе алуға үйренеді және дағдыланады.
Қазіргі таңда «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамында, оның барлық филиалдарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында арнайы коррекциялық интернаттық ұйымдар тәрбиешілеріне, педагог-психологтерге, «Жалпы адамзаттық құндылықтар» бағдарламасы бойынша «Өзін-өзі тану» педагогтеріне, әлеуметтік педагогтерге, работотехниканы дамытуға және «Өлкетану» пәні бойынша жаңа білім беру бағдарламалары жасалынып, еліміздің ұстаздары біліктілік арттыру курстарында жаңа мазмұн негізінде жаңа технологияларды игеруде. Сонымен қатар, аралас оқытуға негізделген біліктілікті арттырудың мүлде жаңа бағыттағы Blended learning курстары ұйымдастырылып, педагогтер қашықтықтан біліктілік арттыру курстарынан өтуде.
Тірлігіміздің тұтқасы, татулығымыздың тал бесігі, ырыс-ынтымағымыздың бастауы Қазақ елінің кемел келешегі жолында жұмыла еңбек етейік, ағайын!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры, профессор,