ЖОЛДАУ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ
Елбасы халыққа арнаған жаңа Жолдауында ұлттың әлеуетін арттыру, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын көтеру керектігін атап өтті. Жолдауда айтылған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерлетуді қолға алу керектігін айтты. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша мектеп туризмін жаңғырту керектігін ерекше атады. Сонымен бірге жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру үшін келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Балалар-жасөспірімдер туризмі білім беру жүйесінде бірдей білім кеңістігін сақтауға мүмкіндік беретін қызмет түрі ретінде ерекше орын алады.
Балалар-жасөспірімдер туризмінің негізгі мақсаты кіші отанын және өз елін тану арқылы азаматтыққа және патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады. Өркениетті елдерде бұл сала жоғары деңгейде дамыған. Музей саласы екі-үш жылдан бері балалар туризмін дамытуға атсалысып келеді. Соның ішінде мектеп оқушылары үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстағы жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарға тағылымы мол тарихи-танымдық туристік саяхаттар ұйымдастыруда. Алдағы уақытта Елбасы Жолдауындағы «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында бірнеше әлеуметтік жобалар ұсынылып, жүзеге асырылмақ.
Б.БЕКМАМБЕТ
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің директоры