ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ЖАҢҒЫРМАҚ
Елбасы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру жолдарын айқындап отырады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да денсаулық сақтау саласына ден қойылған. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту болса, негізгі міндетіне аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру, саланың инфрақұрылымын дамыту болып табылады.
Жолдауда ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген. Елбасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінетініне тоқталған. Алғашқы медицициналық көмек қазіргі таңда үлкен реформалық өзгерістерімен ерекшеленіп тұр. Аймақтық медициналық қызметте 5 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер денсаулығын, пациенттердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын ескере отырып, үй жағдайында бақылауға бағытталған патронаждық қызмет, диспансерлік науқастарға арналған «Ауруларды басқару бағдарламасы» бойынша маңызды саналатын артериалды гипертония, қант диабеті және созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагноздарымен тұратын науқастарды нысаналы динамикалық бақылау қызметі арқылы пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартып,өмір сүру ұзақтығын ұзартуға қол жеткізу күтілуде.
Жолдауда келер жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиістігі назарға алынған. Елбасы бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Қазіргі таңда аудандағы емдеу мекемелері медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуді бекітілген жоспар бойынша бастап кетті. Кешенді медициналық ақпараттық жүйеге 2017 жылдан бастап көшу басталған. Ситуациялық орталықта 45 индикатор бойынша күнделікті қарап отыруға болады, апта сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мониторинг жүріп, апталық лездемелерде талқыланады. Аудандық емханада регистратура қасынан цифрлық пост ашылып, жауапты маман бекітілді. Пост жұмысының бағыты – цифрлық медицина жұмыстарын жүргізу, халықтың интернет жүйесі арқылы БХТ порталына тіркелуді және «Дамумед» қосымшасына жүктелуді үйрету. Аудан тұрғындарына электронды денсаулық паспорттарын жасау 97,3 пайыз болса, үйде отырып, дәрігерге жазылу мүмкіндігін беретін «Дамумед» қосымшасына жүктелу аудан тұрғындары арасында 37 пайызға, интернет активті тұрғындар арасында – 31,6 пайызға жетіп отыр. Рецептілік бланктер, еңбекке жарамсыздық парақтары, рентген-сәулелік тексерулер нәтижелері, лабораториялық зерттеулер, диспансерлік қараулар, профилактикалық қараулар, скринингтік тексерулер, екпе қорытындылары, сонымен қатар, бірқатар тіркеу журналдары электронды форматқа көшірілді.
Елбасы Жолдауында осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керектігі айтылды. Бұл орталық арқылы онкологиялық және ісік алды ауруларды ерте кезеңде емдеу және сауықтыру арқылы азаматтардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауы – денсаулық сақтау саласын әрі қарай жетілдіріп, дамытуға ықпал ететін катализатор болатыны сөзсіз.
Аманкүл МАХАНБЕТОВА,
амбулаториялық-емханалық қызметі бар
Жалағаш аудандық орталық аурухана
бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі
орынбасары.