«ЖҮЗ ШАЙЫР ЕЛІ» 90 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ
Биыл Қармақшы ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде мерекелік шара ұйымдастырылып, аудан орталығы Жосалы кентінде «Қармақшы» кітабының тұсаукесері өтті.
Қармақшы ауданының 90 жылдық мерейтойын атап өтуге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Қармақшыда туып-өскен қоғам қайраткерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы қармақшылықтарды мерейтоймен құттықтап, ауданның облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Қармақшы ауданы - барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт Ата мекені, Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі – сақтардың ордасы Шірік Рабат шаһары орналасқан қасиетті жер. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін қалап, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов күмбезін көтерген жыр керуені - Қармақшы жерінің «Жүз шайыр елі» аталуына себеп болды. Жақын арада Қызылорда қаласында аймағымыздың, оның ішінде Қармақшы ауданының мәдени мұрасын заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта Қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашуды жоспарлап отырмыз», - деп хабарлады облыс басшысы ««Қармақшы – елдік пен ерлік мекені!» ғылыми-танымдық конференциясының барысында.
Одан бөлек, Қармақшы ауданынан шыққан ұлт мақтаныштары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер ақын Әбзәли Егізбаев, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Цай Ден Хак, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабековаларды да атап өткен жөн.
Сондай-ақ, конференцияда «Қармақшы» кітабының авторлары – филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы мен тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары – Бақберген Досманбетов, профессор Темірхан Тебегенов, жырау Алмас Алматов баяндама жасады.
Шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Т.Көмекбаев, Иіркөл және Қуандария ауылдық округтарының шаруашылықтарына көгалдандыру жұмыстарына арналған арнайы техника – тракторлардың кілтін табыстады.