АУДАН АКТИВІ ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Актив жиналысына аудан әкімінің орынбасарлары, халық қалаулары, мекеме мен түрлі кәсіпорын басшылары, ардагерлер мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив жиналысын аудан әкімінің міндетін атқарушы Әлімжан Жарылқағанов ашып, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы баяндама жасады. Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мәселелерін саралап, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Сонымен қатар бұл жиында белгілі кәсіпкер И.Тілеп, ұлағатты ардагер ұстаз К.Мергенбаева, медицина саласының қызметкері С.Жақыпбекұлы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ Қазалы аудандық бөлімінің басшысы О.Ахметов Жолдаудағы басым бағыттарды атап өтіп, қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылатындығын айтты.
Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ә.Жарылқағанов Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, БАҚ арқылы да насихат жұмыстарын жандандыруды тапсырды.