ОБЛЫС СОТТАРЫНДА ПИЛОТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Виртуалды сот» қызметі іске қосылды. Бұл – қарапайым қалың бұқара үшін тиімді әрі қолжетімді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз – конференциясында Қызылорда облыстық сотының судьясы Ш.Маликова мәлімдеді.
«Себебі, іске қатысушы сот процесіне келіп қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда ұялы байланыс телефоны немесе басқа гаждеттер қолдана отырып, сот отырысына қатысуына болады. Осылайша, «Виртуалды сот» қала және аудан тұрғындарына сот процесіне өздерінің тұратын қалалық және ауылдық округтарында бола тұра онлайн режимде қатысуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде әлемді тетік арқылы басқаратын деңгейге келе жатырмыз», - деді Ш.Маликова.
Брифинг барысында судья Ш.Маликова «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберінде «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» пилоттық жобалары туралы кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б.Қалымбет және облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ә.Шығамбаевтар қылмыстық, азаматтық істер бойынша 2018 жылдың 9 айында сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстарды баяндады.