ҚАЗАЛЫҒА МАҢҒЫСТАУДАН ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ
Қазалы ауданына Маңғыстау облысынан «Маңғыстау облысының қоғамдастық мүшелерінің, жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттестігін күшейту» жобасы аясында арнайы делегация келді. Делегация құрамында ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым басшылары мен мүшелері, кәсіпкерлер және т.б. бар. Делегацияны қабылдаған аудан басшысы М.Ергешбаев ауданымыздың тағылымды тарихымен таныстырып, әлеуметтік ахуалы жайында ақпарат берді.
Аудан басшысымен кездесуден кейін маңғыстаулық делегация аудан орталығындағы «Жеңіс» паркінде болды. Одан кейін «СПК – Қызылордабалық» ЖШС балық өңдеу цехының, «Сыр Маржаны» компаниясының, сондай-ақ ауданымыздың брендтіне айналған «Қазалы–Кәмпит» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Қазалы тарихынан сыр шертетін Ғ. Мұратбаев мемориалдық мұражайында болып, өлкеміз туралы мол мағлұмат алды.
Маңғыстау өңірінен келген делегация ауданымыздағы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.
Айта кетсек, делегацияның негізгі мақсаты – өңіріміздегі кәсіпкерлік саласының (балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, жылыжай және т.б.) даму барысымен танысу.