АЙЫППҰЛДЫ ДА ЖЕҢІЛДІКПЕН ТӨЛЕУГЕ БОЛАДЫ
Әкімшілік айыппұлдарды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі жөнінде қала тұрғындары арасында бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, әлі де жүргізушілер және жаяу жүргіншілер тарапынан түсініспеушіліктер туындауда.
Қызылорда облысы бойынша ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен салынған 545 623 643 теңгенің 307 330 721,2 теңгесі, яғни 56,3 пайызы өндірілді.
Облыс тұрғындарының салынған әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі жөнінде бірі білсе, бірі біле қоймас. Егер, полиция қызметкері Сізге қатысты әкімшілік хаттаманы рәсімдеу барысында, өз кінәңізді мойындасаңыз 7 тәулік ішінде салынған айыппұлдың 50 пайызын төлеу мүмкіндігін пайдалана аласыз.
Мысалы, егер жүргізушіге қатысты қауіпсіздік белдігін тақпағаныңыз үшін әкімшілік хаттама рәсімделсе, оған 5 АЕК, яғни 12025 теңге айыппұл салынады. Осы жағдайда жүргізуші өз кінәсін мойындап, салынған айыппұлмен келіссе, ол айыппұлдың 50 пайызын, яғни осы жағдайда 6012,5 теңгені 7 тәулік ішінде айыппұл төлеуге құқығы бар. Полиция қызметкері айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіре отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесін және белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге жүргізушіге тапсырады. Және айта кететін жайт, төленген түбіртекті жүргізуші әкімшілік практика бөліміне тапсыруы қажет. Көп жағдайларда тұрғындар бұл мән-жайларды ескермейді.
Ал егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау - өлшеу құралдарымен және аспаптармен тіркелсе, адамның айыппұлды белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама тиісінше жеткізілген кезден бастап жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде төлеуге құқығы бар.
Айыппұлды төлеудің бірнеше жолдары бар. Бүгінгі таңда айыппұлды әдеттегі кассалардан бөлек екінші дәрежелі банктердің терминалдары арқылы төлеуге де болады. Бюджеттік сыныптама коды – 2014106, айыппұлды төлеуге әкімшілік хаттама нөмірі де керек. Сонымен қатар, айыппұлды egov.kz электронды сайты арқылы да төлеуге болады.
Еgov.kz электронды сайты арқылы айыппұлды төлеу үшін құқық бұзушының ЖСН болуы тиіс. Төлеген соң төлем парақшасын шығарып ала аласыз.
Қызылорда қаласы Жібек Жолы көшесі № 22 мекен - жайда орналасқан Жергілікті полиция қызметінің ғимаратындағы әкімшілік практика бөлімінде кассадан бөлек терминал және Еgov.kz электронды сайты арқылы да төлей аласыз. Қала тұрғындарына төлеуге кеңесшілер көмек көрсетуде.
Айыппұлды төлеп қана қоймай, төленгені жөніндегі түбіртекті өткізу қажет екендігін тағы да естерініңізге саламыз. Бұны Заң талап етеді. Салынған әкімшілік айыппұлды төлеген соң Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде лауазымды тұлғаны жазбаша немесе электрондық нысанда кейіннен хабардар ете отырып төлем жасалатындығы көрсетілген. Ал Заң бәрімізге ортақ. Айыппұл төленгені жөнінде түбіртекті әкімшілік практика бөліміне өткізуіңіз қажет. Егер фото-видеофиксация бойынша салынған айыппұл болса, онда ӘПБ Процессингтік орталығына өткізу қажет. Екі бөлім де Жібек Жолы көшесі 22 мекен - жайы бойынша орналасқан.
Сонымен қатар түбіртекті пошта қызметі арқылы да жолдауға болады. Бастысы құжат уақытылы өткізілуі қажет.
Егер де айыппұл 30 күн мерзімде төленбеген немесе төленген түбіртек уақытылы өткізілмеген болса, ерікті төлеу мерзімінің өтуіне байланысты әкімшілік қаулы мәжбүрлеп орындату мақсатында жеке сот орындаушыларына жолданады. Бұл жағдайда құқық бұзушы өзіне салынған айыппұлдан бөлек жеке сот орындаушысының қызметін төлеуге міндетті болады, яғни салынған айыппұлдың 25 пайызы. Бұдан бөлек уақытылы төлемеген жағдайда басқа да жағымсыз жағдайларға тап болуыңыз мүмкін екендігін ескертеміз.
Нұрлан САДЫКОВ,
Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы.