СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ МЕКЕН
Ел Президенті биылғы Жолдауында "Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады" деген болатын.
Бүгінде Сырдария ауданында шағын және орта бизнес өкілдері үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бұл туралы аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатындағы "Қызылдихан" және "Бақ" шаруа қожалықтарына жасаған жұмыс сапары барысында кеңінен айтылды.
Аудан басшысы шаруашылықтың басшылық құрамымен және егінші-механизаторлармен кездесуінде Жолдаудың маңызыдылығына кеңінен тоқталып, шағын және орта бизнес саласына қатысты орындалуы тиіс басым бағыттарды атап өтті.
«Бүгінгі жиын Мемлекет басшысының "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша алдағы міндеттерді айқындауға арналуда. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Рухани сілкініске жол көрсетуші бағдар ретінде жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Сондықтан, бұл бастаманы әрі қарай жалғастыра отырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және тың бағыттармен толықтыра беретін боламыз»,-деді аудан басшысы.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты, «Жан Арай Жем» ЖШС құрылтайшысы Бақдәулет Мақашев мемлекеттік қолдаудың негізінде ауылшаруашылығына енгізілген инновациялық тәсілдер арқылы өнімділікті еселеуге қол жеткізіп отырғанын айтып, шаруашылық алдағы уақытта өз өнімдерін экспортқа бағыттайтынын жеткізді.
– "Сыр күріші – ел ырысы" деп бекер айтпаған. Сондықтан Сыр күрішін әлемнің үлкен сауда орталықтарында көреміз деп ойлаймыз. Елдің ішінде ғана бәсекеге түссек, енді бүкіл дүниежүзілік тауар өндірушілермен бәсекеге түсеміз. Ауыл шаруашылығы қай кезеңде болмасын экономиканың локомотиві болып қала береді. Біздің бұл бағытта нақты жоспарларымыз бар. Сырдария ауданы – инвесторлар үшін қолайлы мекен,- деді Б.Мақашев
Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, "Бақ" шаруа қожалығының төрағасы А.Құлбаев, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Н.Оразбекұлы сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауын қолдайтындықтарын, жүзеге асыруға атсалысатындықтарын жеткізді.