ЕГІНШІЛЕР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНАН ТЫҢ СЕРПІН АЛДЫ
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға ерекше басымдық берілді. Бұл аграрлы ауданның егіншілеріне тың серпін сыйлады.
Бұл туралы Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың "Асқар Тоқмағанбетов ЛТД" ЖШС қырманында егіншілермен кездесуінде айтылды.
Елбасы Жолдауын насихаттау және шаруашылық құрылымының жұмысымен танысу мақсатында өткізілген жиында саяси маңызды құжаттың елдің өсіп-өркендеуіне басты негіз екені кеңінен талқыланды.
– Біздің алдымызда Елбасы қойған ауқымды міндеттер тұр. Ол мін¬дет экономикалық өсуге, ауылшаруашылығындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Ол үшін бізде қажетті мүмкіндіктер мен әлеует бар. Жолдауда Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтып, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінеді деді. Қазақстанның қазіргі кездегі экономикалық саясатының басты бағыты – экспортқа шығу. Яғни, ауданымызда егілген өнім өз елімізде ғана емес, шетел нарығына да бағытталуы керек. Бұл бәсекеге қабілетті болуымызға бағдаршам болады,- деді аудан басшысы өз сөзінде.
Егіншілермен өткен кездесуде шаруашылық төрағасы М.Есжанов "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында шаруашылық ауылды дамыту бағытында кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдайтынын, ауылдың тыныс-тіршілігіне, жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Б.Жылқыбаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбарұлы Елбасы айқындаған міндеттерге ауыл тұрғындары атсалысуға дайын екенін жеткізді. Бұл туралы алдағы уақытта ауыл көлеміндегі мекемелерде ардагерлердің қатысуымен кездесу өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Жалпы, аудан әкімінің жұмыс сапары барысында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Н.Оразбекұлы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Ибрагимұлы, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек, А.Тоқмағанбетов ауылының әкімі Ғ.Алданазаров және ауыл көлеміндегі мекеме басшылары қатысты.