ҚОЖАКЕНТТЕ КҮРІШ АҚТАЙТЫН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Бүгінде Жаңақорған ауданында аграрлы саланы дамытуда тың серпіліс бар. Әсіресе, күріш шаруашылығының көкжиегі күн санап кеңеюде. Ақ маржанды егіп қана қоймай, оның өңдеу технологиясына қомақты қаражат құйып жатқан шаруа қожалық бар. Қожакенттік Изатулла Үсенов төрағалық ететін «Нұрбол-И» шаруашылығы ауыл тайқазанын тасытып, күріш ақтайтын диірменді іске қосты. Қытай елінде құрастырылған шағын зауыттың әлеуеті зор. Тәулігіне 20-25 тонна ақ күрішті ақтауға қауқарлы. Автоматтандырылған технологияға негізделген заманауи диірменнің ашылуына аудан әкімі Ғалым Әміреев келіп, алғы сөзін айтты.
– Күні кеше Мемлекет басшысы халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялады. Онда заманауи технологияларды кеңінен пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы айтылды. Елбасы аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталу керектігін айрықша атап өтті. Бұл өз кезегінде шикізатты қайта қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа сапасы жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Осы тұста, Изатулла Үсенов сауатты қадам жасап, тың технологияны өндіріске енгізуде. Мұндай күріш ақтайтын ірі цехтың келешегі кемел. Тек еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, сыртқы нарыққа жол ашуға үлкен сеп болады, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін ел ағалары Ержан Уайс, Арапбек Әбиев, Ысқақ Үсенов шағын зауыттың лентасын қиып, қамбаның астыққа толуын тіледі. Ішкі мүмкіндігімен танысып, алғашқы қапталған күріш өніміне жоғары бағасын берді. Осылайша өнімді терең өңдеу бағытында күрішті вакумды қаптаудың куәсі болған құрметті қонақтар қожакенттіктердің қуанышына ортақтасты. Хош. Орайлы сәтті пайдаланып, біз де Изатулла Ергешұлының шаруашылығымен кеңінен таныстырып өтсек.
Ауданға танымал меценат болудың артында мехнаты мол маңдай-тер жатқанын тілге тиек еткен кәсіпкердің еңбегі зор. Ауылда өсіп, ауыл жұмысымен белі қатқан Изатулла Орынбор қаласында жоғары білім алған. Бертін келе, шаруашылықтың жұмысына араласып, еңбек майданының бел ортасынан табылды. Механик, қырман меңгерушісі сынды қызметте шыңдалған ол, бастысы, адамдармен жұмыс істеу өнерін игерді. Ұйымдастырушылық қабілетімен таны¬лып, қимылдағанның қыр асатынын ісімен дәлелдеді. 2012 жылы «Нұрбол-И» шаруа қожалығын құрып, егін және мал шаруашылығын дамытуға білек сыбана кірісіп кетті. Бүгінде 200 гектар суармалы жер мен 500 гектар мал жайылымдық жерінен несібесін теруде.
– Елбасы жыл сайынғы Жолдауында аграрлы саладағы экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма жүктеуде. Жалпы, нарықтық экономика қатаң бәсекелестікпен сипатталады. Бәсекеге қабілетті өнім шығара алсаң ғана, оны экспорттауға даңғыл жол ашылады. Бұл бағытта біздің күріш ақтау зауыты стандартқа сай. Оған қоса, жаңа элеватор орнаттық. Биыл 150 гектар аумаққа сыр салысын ектік. Оның 80 пайызға жуығына орақ түсіп, дән қамбаға құйылуда. Қазақстан қалаларынан бөлек, көршілес елдерге өнімді саудалауды бастап кеттік. Әзірге Өзбекстан, Ауғанстан еліне ақталған күріш экспорттадық, – дейді Изатулла Үсенов.
30 ауылдасын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге жұмыскерлері де дән риза. Жалақысы уақытылы. Жұмысы тұрақты. Бір сөзбен айтқанда, берекесі артқан қожалық.
– Негізі жұмыстың жаманы жоқ. Қазір жұмыс таңдайтын заман емес. Өзім осында күріш цехында жұмыс жасаймын. Зауыт толық автоматтандырылған. Сондықтан жұмысымыз ауыр емес. Еңбек адамы болған маған ұнайды. Маңдай термен келген нәпақа берекелі болады – дейді диірмен операторы Мұхамедәли Ахметов.
«Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» демекші, Изатулла Ергешұлы өзінің шаруашылық қамын күйттеп қана қоймай, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласуымен қатарластарына үлгі, ауылдастарына кұрметті. Қашанда қайырымдылық істердің қасынан табылып, тұрмысы тұралаған отбасыларға қолдау көмегін аяған емес. Бұл да болса қарапайым еңбек адамының туған жеріне де қамқорлығының белгісі.
Түйін орнына тұздық. «Негізгі міндет – өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту». Бұл Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан үзінді. Ендігі кезекте қайта өңделген өнімдерге басымдық беріп, сыртқы нарыққа шығару пайызын үдету міндеттелді. Осы орайда, өнімін ел ішінде ғана емес, шетелге де экспорттап отырған «Нұрбол-И» шаруа қожалығының келешегі кемел. Өйткені, Жолдау жүгі отандық өнімді бәсекеге қабілетті етіп, нарықтық экономикада өзіндік даңғыл жолын қалыптастыру. Бұл бағытта Изатулла Үсенов жетекшілік ететін қожалықтың сыртқы сауда айналымы – ауданның экономикалық көрсеткішінің артуына үлес қосары айқын.