«БАСТАУ»: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛҒАН ҚЫЗ

«Отбасымызбен келісе отырып біз өз кәсібімізді аштық. Жазда Кәсіпкерлер палатасына бардым. Бизнес курсы туралы естіп, жазылдым. Отыз күн оқыдым. Өзімнің бизнес-жоспарымды көрсеттім. Жоспарымды мақұлдап, несие алдым. Қазір маған отбасым көмектесуде. Әзірге пайдаға шыққанымыз жоқ, бірақ болашақта жақсы нәтиже болады деп сенеміз», - дейді Карина Шыныбаева.
Әрине жас болған соң білгенінен білмегені көп Каринаға отбасында ата-енесі, жолдасы көмекші әрі ақылшы. Отбасын бизнесін бастаған кәсіп иесі өз қаражатына қорасын салған, сол маңнан өздері тұратын үйді де тұрғызып, жарықты да әкелген. Ал несиеге алған қаражатына 29 бас жылқы малын сатып алған. Жылқы жем-шөпті көп керек етеді және оның бағасы да қымбаттау болып тұр екен. Бүгінде жас кәсіп иесі жылқыларын бордақылап, үйрек, тауық, қояндарын қоса асырап отыр. Одан басқа қорада бақшалық өнімдері де бар.
«Биыл жер тың болған соң өнім де бітік шықты»,- дейді Карина.
«Мал баққанға бітеді», - деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған жас кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта мал басын әлі де көбейтіп, жаңа жұмыс қолдарын аламыз деп өз қарекетін жасауда.