ӨМІР НӘРІ – АТА КӘСІП
Ата кәсіптің адымын алға бастырған аудан азаматтары мал шаруашылығы саласының ілгерілеуінде үлкен іс тындырды. Олар қазіргі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар негізінде мал санын арттырып, асылдандыру жұмысын қатар өрбітті. Сондай-ақ, бағыты айқын іске бет бұрып, төл басын түрлендіруде тындырымды іс жасап жатқан жергілікті тұрғындар қаншама. Нәтиже де жаман емес.
Ауданда қыркүйекке дейін 2124 тонна ет, 6462,6 тонна сүт өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ет 1,9 және сүт 1,6 пайызға артығымен өндірілген. Өңір¬де, әсіресе, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз ісін өрістетуге деген құлшынысы жоғары. Бір ғана «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40 шаруашылық 2011-2018 жылдар аралығында 311,21 млн теңге несие алып, тиісті қаражатқа 2473 бас жергілікті аналық пен 123 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Бүгінде олар қорадағы мал басын 4290-ға жеткізді. Мұнан бөлек тағы 25 шаруашылық өз қаражатымен атал¬ған бағдарлама қатысушысы есебінде жұмыс жасауда.
Соңғы жылдары сапаға жұмыс жасауды көздеген шаруашылық иелері сырттан жеткізілген асыл тұқымды ірі қараларды қолдан ұрықтандырып, табысқа жетіп отыр. Аудан бойынша 15 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс жасайды. Онда осы айға дейін 2 мыңға жуық мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылды. Аққұм ауылдық округінде орналасқан «Бақдаулет-57» ШҚ ет бағытындағы «қазақтың ақбас асыл тұқымды шаруашылық» статусын алды. Шаруашылық басшысы өткен жылы 8, биыл 9 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас бұқасын сатылымға шығарды. Ал, Жаңадария ауылдық округінде орналасқан «Адал» ЖК 2013 жылы шет елден сатып алған асыл тұқымды 52 бас қашарды республикалық қазақтың ақбас палатасына тіркетіп, аталған мәртебелік деңгейдегі шаруашылық ашуға жұмыс жасауда. Мұндай ілкімді істер Аққыр ауылында да жоқ емес. Мәселен, бұл өңірдегі «Туған жер» шаруа қожалығы БҚО-ға қарасты Жәңгір хан атындағы университет ғалымдарымен келісім шартқа отырып, асыл тұқымды шаруашылық статусын алуға ниеттеніп отыр. Мақпалкөлдегі «Сарғасқа жылқы» ФҚ да «Ауыл КТ серіктестігі» ЖШС-нан 19 млн тенге несие алды. Кәсіпкер тиісті қаражатқа 100 бас жергілікті аналық пен 6 бас асыл тұқымды «қалмақ сиырының» бұқасын алып, шаруашылық көлемін ұлғайтуды көздеуде.
Мал шаруашылығын дамыту бағытындағы ілкімді жобалар мұнымен шектелмейді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алтыншаш Қартбайқызының айтуынша, алдағы уақытта еттің, сүттің, жүннің үлес салмағын арттыру, асыл тұқымды шаруашылықтар-репродукторларды құру, ет бағытындағы МІҚ малын бордақылау шаруашылығын ашу бағытында жарқын жобалар қолға алынбақ. Жергілікті шаруашылықтар 44 млн 729 мың теңге субсидияға қол жеткізіп, бұл саланың серпін алуына өз септігін тигізуде.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен» несиеге қол жеткізген адам міндетті түрде асыл тұқымды мал алуы қажет. Себебі, бағдарламаның талабы солай. Саланың серпін алуына бағытталған бағдарламамен қаржыға қол жеткізген кез келген азаматтың алдағы уақытта мал басын асылдандыруда толайым табысқа қол жеткізері сөзсіз. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау барда тұрғындардың да қарап қалмасы анық.