ҮШ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» «Смард Грид» таза өндіріс технологиясын енгізу мақсатында «Siemens» өкілдігімен 2018 жылдың ақпан айында меморандумға қол қойылған. Сонымен қатар, «Хора- сан» серіктестігі финдық «ПоларСол» (PolarSol) компаниясының «Жылуды интеллектуалды басқару жүйесі» технологиясын сатып алу үшін тиісті келісім жобасы әзірленіп, екі жақ тараппен қарастырылуда,–дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.
Биылғы жылдың соңына дейін бәсекеге қабілетті, өнімі экспортқа бағытталған үш жоба іске қосылады. Дәлірек айтсақ, шыны зауыты мен цемент зауытының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Одан өзге Арал ауданында балықты терең өңдейтін өндіріс орны өз жұмысын бастайды. Ал келер жылы өңірлік индустрияландыру картасының аясында қуаттылығы жылына 300 тонна ас тұзын өндіретін «БСК Қаратау» ЖШС кәсіпорнын, Қармақшы ауданындағы жылына 1500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасын іске қосу, «Шалқия» кен байыту комбинаты құрылысын одан әрі дамыту жобалары жүзеге асырылады. Бұл жобалардың игілігі – өңірде өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылады.