ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ
Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді 1-қазан Қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға- апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Осы орайда бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. М.Мәметова атындағы гуманитарлық педагогикалық колледж студенттерінің қатысуымен «Қарттарым, аман-сау жүрші!» тақырыбында әдеби шара өткізілді. Аталған шара барысында колледж студенттері тәуелсіз еліміздің абыз қарияларына жыр-шумақтарымен өз құттықтау тілектерін жеткізді.