ҚЫЗЫЛОРДА ПЛОТИНАСЫ
Кезінде елорда болған қаламыз – қазіргі таңда еліміздегі өркенді өңірлердің бірі. Бүгінде Қызылорда дамудың жарқын жолына түсті. Бұған дейін сан алуан соқпақты жолдан өтті. Қаламызда түрлі құрылыс нысандары, жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Осының негізінде әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсара түсті.
Соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда қаласының экономикасы мен әлеуметтік-мәдени дамуында Қызылорда су торабы елеулі орынды еншілейді. Оның құрылысы 1940 жылы басталып, кейін тоқтап қалған. Сондықтан осы мақсатта жаңадан «Қызылордаплотина» құрылыс басқармасы құрылып, бір айдан астам уақыт ұйымдастыру және дайындық жұмыстары жүргізілді.
Мұнымен бірге бөгет құрылысы кезінде электростанция салу көзделді. Себебі, бөгет Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан көптеген елді мекендердің қаламен тұрақты байланысын шешетін еді. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген үлкен бастама болды.
Осыған орай, 1947 жылдың 29 тамызында Қызылордада облыстық атқару комитетінің арнайы шешімі қабылданды. Бұл кезеңде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін Р.Төлебаев, ал облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін Х.Тастайбеков атқарған еді.
Одақтық маңызы бар «Қызылордаплотина» жобасының авторы инженер Г.И.Прозоров еді. Аталған өңір басшылары жаңадан салынуға тиісті су торабын іске қосу үшін көп жұмыстар атқарды. Алайда өңірде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай ауыр күйде болатын. Көптеген мәселелер жоспарланған Тасбөгет плотинасының іске қосылмауынан туындады. Нәтижесінде суландыру жүйесіндегі берекесіздік салдарынан 1951 жылы егілген егіс көлемінің 20 пайызы зая кетті. Бұл жағдай 1952-1953 жылдары да қайталанды. Осы жылдары облыстағы егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға кеміді. Мұнымен қатар, бау-бақша, көкөніс өнімдері де күрт кеміп кетті.
1954 жылдың мамырында Сыр өңіріне басшылық қызметке М.Сужиков келді. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын 3 ай бойы зерттеген ол облыстың маңызды мәселелеріне толықтай қанықты. Тығырықтан шығудың нақты жолдары қарастырылды. Соның нәтижесінде Тасбөгет плотинасының құрылысын тездету үшін қаржы бөлінді. 1956 жылы Қызылорда плотинасының құрылысы пайдалануға берілді. Қызылорда су торабының іске қосылуының нәтижесінде ұзындығы 200 шақырымнан астам сол жаға бас жармасының алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Тереңөзек аудандарында магистралды жармалар су бере бастады. Соның арқасында суландырылған жер көлемі жедел өсті. Облыс бойынша 1950 жылы 210 мың гектар жерге су жүргізілетін болса, 1956 жылы ол 7 есе ұлғайды. Соған сай өнім де көп алынды.
Өтпелі кезеңнің қиындығы мен әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Осындай игі тірліктер арқылы қаланы өркендету бағытында игілікті істер жасалды. Қызылорда қаласының көркейіп, кемелдене түсуі үшін атқарылған бұл тірліктер көпшілік көңілінен шықты.