ҚАЛА МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын атап өту туралы іс-шара жоспарына сәйкес облыс орталығы – Қызылорда қаласының шағын аудандарында Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, және Жаңақорған аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Қыстық қамын ойлаған қызылордалықтарға барлығы 550 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімдері ұсынылды. Мәселен, Арал ауданының жәрмеңкесі Тасбөгет кентінде, Қармақшы ауданы жәрмеңкесі «Мерей» шағын аудандарында өтті. Теңіздің балығын аңсаған жұрт осы күні Тасбөгетке ағылды. Айта кетейік, барлық ауданнан 16,8 тонна балық өнімдері жәрмеңкеге әкілініп, сатылды.
Ал «Мерейдегі» мерекеде қармақшылық жыраулар жырлап, таңертеңнен елдің көңіл-күйін көтерді. Жалпы, жәрмеңкеде төмендегідей өнім түрлері қала жұртшылығына қолжетімді бағада ұсынылды – 145 тонна картоп және көкөністер, 14,9 тонна сиыр, жылқы және қой еті, 59 тонна ақ күріш, 65 тонна қауын-қарбыз, 1,1 тонна сүт, қымыз-қымыран, 17 тонна жем-шөп, сондай-ақ, 150 бас қой-ешкі, тоқты әкелінді.
Айта кетейік, қала орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде барлығы 248 көлік қатысып, 550 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылды. Көңіл тоғайтқан жәрмеңкеден қала тұрғындары қыстық азық-түлігінің бір бөлігін сайлап алып, мәре-сәре болды.
Мерекелік концерттер жәрмеңкенің шырайына шырай қосты.