ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРА ТҮСПЕК
Қазалы аудандағы ең қиын мәселелердің бірі – жолдардың жағдайы. Нақты кезеде аудан меншігіндегі автомобиль жолдарының 67 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Аудан әкімі М.Ергешбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда осы өзекті мәселені шешуге басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта аталған ауданда жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын 7 жоба іске асырылуда.
Дәлірек айтсақ, аудандағы Жанкент (Өркендеу) ауылына кіреберіс жол өткен жылы басталған болатын. Қазір жұмысы жалғастырылуда. Сонымен бірге «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 31 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға 576 млн теңге бөлінген.
Бұған қоса, Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдары аралығындағы, Басықара-Абай-Өркендеу аралығындағы автомобиль жолын орташа жөндеуге де қаржы қаралған.
Айта кетейік, көлік, сауда-логистикалық орталығын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 79 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 1 шақырым құрайтын автомобиль жолы салыныпты. Сондай-ақ, Әйтеке би кентінің 3 көшесі орташа жөндеуден өткізіледі.
«Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 75 пайызға жетеді деп жоспарлап отырмыз», – деді аудан басшысы.
Бұған қоса, «Әлсейіт» өткеліне көпір салынып жатыр. Сондай-ақ, Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы «Аяған» көпірі қайта жаңғыртылады.