КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – БАСЫМ БАҒЫТ
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында Кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде бағалап, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиістігін атап өтті. Бұған қоса, азаматтар мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз қажеттігін айтқан болатын.
Кәсіпкерлікті күшейтудің маңыздылығын Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдаулары мен Үндеулерінен және барлық бағдарламаларынан тыс қалдырмай келеді. Биылғы бес әлеуметтік бастамасының бір бағытын «Шағын несие беруді көбейтуге» арнауының өзі өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалып отырған мүмкіндік.
Қызылордада «Кәсіпкерлер үйінде» өткен жиында қызылордалық коалиция өкілдері осы бағыттағы жұмыстарды пысықтады.
Жалпы, өңірде жыл басында 2018 жыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы болып жарияланған. Және ол Елбасы бастамасын жүзеге асыру аясында жүргізілуде. Жақында облыс әкімі бастамасымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту 1 жылдан 3 жылға ұзартылды. Енді ол 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды.
– Биылғы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер 11%-ға көбейіп, аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр, - деді жиынды жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Жиында облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов хабарлама жасап, күн тәртібіне сәйкес атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды айтып өтті.
Хабарламашы атап өткендей, облыста барлық көздерден 32 млрд. теңге қаржы қарастырылған жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген. Онда кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер мен әрбір 264 елді мекенге жауапты лауазымды тұлғалар (кураторлар) бекітілген.
Жұмыссыздардың, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға «Бизнестік жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 200 млн. теңгені құрайтын 224 мемлекеттік грант бөлінген. Облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры мемлекеттік гранттар санын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытындағы жоспарларды атап өтті.
– Қазір «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы шеңберінде де жалпы соммасы 97,4 млн. теңге құрайтын 405 мемлекеттік грант беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өтеусіз грант есебінен жыл соңына дейін 1005 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар.
Сонымен қатар, жалпы жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтын азаматтардың санын кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарлануда. Бұл межеге жететін боламыз, -деді Ғ.Жақсылықов.
Коалиция отырысында сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысшыларының күн тәртібіне сәйкес атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, коалиция мүшелері тарапынан жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды.