ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ОЙЫ ТЕРЕҢ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық орталық кітапханада Қазалының төл перзенті, қоғам қайраткері Қуанышбай Төлебайұлы оқырмандармен кездесті.
Қоғам қайраткерінің өнегелі еңбек жолын жастарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған кешті Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбайұлы жүргізді. Кездесу барысында қоғам қайраткеріне оқырмандар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, ізгі тілектер айтылды.
Бұған дейін жарияланған баспа беттеріндегі мақалалардың бірінде Қуанышбай Төлебайұлы туралы «Ол қос өңір – Сыр мен Ақ Жайықты тел емген құлынға ұқсас» деген теңеу бар. Мұның мәні тереңде. Қуанышбай Төлебайұлы қасиетті Қазалы топырағында 1945 жылы дүние келген. Соғыс бітіп, ел мәре-сәре болған жылы өмір есігін ашқан сәби Қуанышбай есімін иеленген.
Өзінің естелігінде: «Алты жастан бастап әкем Төлебайға ілесіп, егін, мал бағу мен отбасы шаруашылықтарының қасында болдым. Колхозшы-шаруа, жарлы-жақыбайдың арасында өстім. Өгіз-сиыр соқамен жер айдап, кетпен ұстап, егін салуға жарадым, жорға мен жарыстың атына мініп, бәйге алдық. Жыңғыл, шеңгел, қамыс-қоғамен қора салдым. Мал бағу, қол орақпен егін ору, шалғымен шөп дайындау, келі-келісаппен дән түю, қи-тезектің отына тамақ пісіру сияқты күйбең тірліктің отбасы, ошақ қасында жүрдік...» – дейді. Міне, осыдан-ақ Қуанышбай Төлебайұлының балалық, бозбалалық шағын аңғаруға болады.
Кештің кейіпкері кездесу барысында оқуда озат оқушы болғандығын, домбыра мен гармонда ойнап, концерттерде сүймелдеуші болған сәтін, көркем әдебиетті, әсіресе, қазақ жазушыларының тарихи тарқырыптағы шығармаларын көп оқығандығын ерекше ықыласпен еске алды. Сонымен қатар, қызмет жолындағы қызықты сәттер мен қиын кезеңдерді де ортаға салды. Ел ағасы жастарды қатарластарынан біліммен озуға ынталандырды, бүгінгі жастардың бейбіт дәуірде өмір сүріп жатқанын сөз етіп, білімсіздіктен, еңбексіздіктен, рухани байлық таяздығынан алшақ болуға шақырды.
Мәдени-рухани шара кезінде оқырмандар назарына «Еңбегі ерен, ойы терең қайраткер» атты Қуанышбай Төлебайұлының өмір жолынан сыр шертетін ашық кітап көрмесі ұсынылды.