АРМАН ЖОЛЫНДАҒЫ АЙТУАР
Нақты кезеңде мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерліктің дамтуға барынша жағдай жасалуда. Жеке бизнесін ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Жуырда Қазалы ауданында 19 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізді.
Өз кәсібін бастайтындардың бірі ағаш және пластиктен бұйымдар дайындаса, енді бірі тауық, түйетауық өсіргілері келеді.
Ал, Әйтеке би кентінде тұратын Айтуар Сәдіров аяқ киім жөндеу және кілт жасау шеберханасын ашуды қолайлы көрді. Оның құлағы естімейді, сөйлей де алмайды. Бірақ бұл еңбекқор жанның кәсіп ашуына кедергі емес. Ол үшін мемлекеттік грант негізінде арнайы қаржы бөлініп отыр.
Жастайынан еңбекқор болып өскен Айтуар бос қарап отыруды, біреуге масыл болуды жаны қаламайды. Сондықтан жасынан аяқ киім жөндеуді үйренеді. Алғашында үйдегілердің тозығы жеткен аяқ киімдерін тігіп, жөнге келтіреді. Оның мұндай қабілеті бар екенін көрші-көлем мен ағайын-туыстары да есітіп, біртіндеп жөндеуді қажет ететін туфлилері мен етіктерін әкеле бастайды.
– Оның бұл кәсіппен айналысқанына да біршама жылдың жүзі болды. Баламның қолынан келмейтіні жоқ. Мұнан бөлек ол телевизорды да жөндейді, “Отау ТВ”-ны да құрады. Айта кетерлігі, бұл қызметтері үшін Айтуар ақы сұрамайды. Тек тұрғындардың бергенін ғана алады. Сондықтан болар, аудан орталығының әр бұрышынан оны іздеп келушілер саны өте көп, - дейді Айтуардың анасы.
Айтуар – үйдің үлкені. Жасы қырыққа таяп қалған оның сүйеніші де, сүйенері де анасы. Болашақта бір кәсіптің иесі атануы үшін жүгіріп жүрген де сол кісі.
– “Жұмыс-үй” деп жүріп, бұл баланың жағдайына қарамаппыз. Біздің жасымыз болса біршамаға келіп қалды. Сондықтан осы ұлымның жайы бізді қатты алаңдатады. Мүмкіндігі шектеулі жан екендігіне қарамастан кәсіпкерлікпен айналысуға болатынына осы уақытқа дейін мән бермегенбіз.
Бірде отбасымен ақылдаса келе Айтуарға аяқ киім жөндеу шеберханасын ашып беруді жөн санадық. Алайда, қолымызда дайын ақшамыз болмаған соң, етікшіге қажетті құрал-саймандар ала алмадық. “Жыртық үйдің Құдайы бар” деген рас екен. Жақында кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы грантқа қол жеткіздік. Енді амандық болса, аяқ киім жөндейтін, оған қоса кілт дайындайтын шеберхана ашсақ деген жоспарымыз бар, – дейді көпті көрген ана.
Осындайда тынымсыз тірлікте “жұмыс жоқ” деп жатқан жастар бір сәт ойланып, он екі мүшесінің сау болғанынан қуанып, кеш болмай тұрғанда өзінің жаны қалайтын бір жұмыспен айналысса ғой шіркін деп ойлайсың. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Себебі, аяқ киім жөндейтін ІІІ топ мүгедегі Айтуар Алашбайұлының қарекеті көпке үлгі. Арманың орындалсын, Айтуар!
Ж.АЙЫМҚҰЛОВ,
Қазалы ауданы